БІЛІМ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТЕДІ
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында гуманитарлық білім бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, өскелең ұрпақтың жаһан ғылымының жауһардай құндылықтарын жадына тоқып, саяси, мәдени, тарихи және әлеуметтану тұрғысында жан-жақты танып-білуге жағдай жасау қажеттігін атап көрсеткен болатын.
Рухани дамудың негізі саналатын философия, психология, филология, мәдениеттану ғылымдары саласындағы таңдаулы әлемдік басылымдарды аударуға бүгінде 90-ға жуық білікті мамандар қатысып, жұмыс жасауда.
Күні кеше Елбасының қатысуымен Орталық коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтіп, онда 100 жаңа оқулықтың алғашқы 18 данасы таныстырылды. Мемлекет басшысы рухани жаңғыру бағытында қолға алынған бұл жобаның ел жастарының жоғары ғылыми стандарттарға сай білім алуына негізделген жоба екенін, осы тұрғыда 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтар тізімі жасалғанын атап өтті.
Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, аталған жоба аясында бүгінгі таңда 20-ға жуық оқулық аударылып жатыр. Сондай-ақ, компания басшысы аударма жұмысының сапалы болуы үшін еліміздегі гуманитарлық білім саласының білікті мамандарын ортақ іске белсенділікпен атсалысуға шақырды.
Жалпы, рухани жаңғыру деген ұғымның өзі дәл қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық сананы жаңғырту, рухани құндылығымыздан ажырап қалмай, өмір сүрудің басты қағидатын айқындай білу деп ойлаймын. Бұл тұрғыда әлемдік көзқарасты танып-біліп, жаһан тәжірибесінен тәлім алу гуманитарлық салада білім алып жатқан болашақ мамандардың білім көкжиегінің кеңейе түсуге игі ықпал етері анық.
Рабиға ИГЕНБАЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ- дың педагогика және
психология кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты.