ҰСТАЗ – ҰЛАҒАТ ИЕСІ
Елдік пен ерлікті тоғыстыра білген қазақтың қайраткер қыздары қашанда аз болмаған. «Батырды ситуация жасайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, еселеп еңбек етіп, ардың туын биік ұстап жүрген жандар нағыз батыр.
Ұстаз ұғымы – мағынасы кең, мәні терең тарихи ұғым. Осындай ұлағатты жолда еңсесін биік ұстап, парасат биігінен жарқырап көрініп тұрған әріптесіміз Рабиға Қанатшаева жайлы ой толғағым келеді. Адал ниетті, кең пейілді, жақсылыққа жақ, жамандыққа жат, ұрпақ тәрбиесінің ең асыл жанашыры Рабиға Рахымбекқызы 1959 жылы 11 сәуірде дүниеге келді. Мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Қазіргі таңда ол Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы №185 мектептің директоры.
Қай заманда болмасын білім беру үрдісі, ең алдымен мұғалімнің қызметі, іс-әрекеті, ізденісі арқылы жүзеге асады.
«Мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ы.Алтынсариннің тарихи сөзі бүгінгі таңда да өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Мұғалім қазіргі таңда «Мектептің жүрегі» ғана емес бүкіл білім беру үрдісінің миы, қантамыры қызметін атқаруда. Осындай ұлағат ордасының қантамыры, жүрегі болған Рабиға Рахымбекқызының еселеп тер төккен 35 жыл еңбек жолында еңбегі елеусіз қалған жоқ.
Мәселен, ол 1997 жылы Білім және Ғылым министрлігінің мақтау қағазымен, 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Үздік білім қызметкері» төсбелгісі, 2014 жылы Кеңес Одағының батыры Т.Көмекбаев атындағы ауылдың 50 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2015 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының Алғыс хатымен марапатталған.
Сол 2015 жылы «Үздік нәтиже – 2015» номинациясы бойынша аудан әкіміінің марапатына ие болса, осы жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының Алғыс хатыман марапатталды.
Ұлағатты ұстаз 2016 жылы «Көптілді білім беру мәселесі мен болашағы» тақырыбындағы онлайн семинарға қатысқаны үшін алғыс хатқа ие болды. Ал келесі жылы оның басқаруындағы ұжым «Үздік шығармашыл мектеп – 2016» аудандық білім бөлімінің марапат жеңіп алды. 2017 жылы «Қазақстан педагогтарының инновациялық идеяларын дамыту орталығының республикалық «Үздік директор» номинациясы ие болды. Бұған қоса, осы жылы «Алаш үміті» халықаралық рухани жаңғыру фестивалінен Алғыс хаты мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамынан Құрмет грамотасын иеленді.
Сондай-ақ, қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі республикалық кеңестің «Білім беру саласының үздігі» құрметті атағымен және төсбелгісімен еліміздің оқу-ағарту ісіне еңбегі үшін марапатталған.
Мақсаты айқын, марапатқа мастанбай, нәтижелі жемісін жоғары қоятын ұлағатты тұлғаның әп сәтте зейнет жасына келіп қалғаны дөңгеленген дүниенің қас-қағым сәт екенінің дәлелі іспетті.
Өмірде адам екі жағдайда – жар таңдауда және мамандық таңдауда қателеспеу керек десек, Рабиға Рахымбекқызы осы екі жолда да қателеспей, мерейі асқақтаған жанның бірі.
Ол Төребек ағаймен бақытты шаңырақта мақтан тұтар, ұялтпайтын ұрпақ өсірді. Балалары да, шәкірттері де республиканың әр аймағында әртүрлі жетістіктерімен сәт сайын қуантуда.
Бақыт деген осы дер едім. Бейнеттің зейнетін көріп ұрпағыңызбен мың жасаңыз. Қармақшы ауданы, мектеп директорларының атынан парасат туын биік ұстаған абыройлы еңбегіңіз еленіп, құрметіңіз арта берсін деп тілеймін.
Зарипа ТАСЫМОВА,
Қармақшы ауданы,
Т.Ізтілеуов атындағы
№29 мектеп директоры