ҚЫЗЫЛОРДАДА ТҰРҒЫНДАРДАН 38 ДАНА АТЫС ҚАРУЫ ҚАБЫЛДАНДЫ
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2018 жылғы 10 сәуірден бастап республика аумағында халықта заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өтемді түрде сатып алу акциясы жүргізіліп жатқаны белгілі.
Өткізіліп жатқан іс-шараның 3 күнінде азаматтардан өз еріктерімен заңсыз қаруларды өткізу жайлы 19 арыз тіркеліп, 38 дана атыс қаруы қабылданды.
Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Ол азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы республика аумағында өткізіліп жатқан акцияға азаматтар өз үлестерін қосады деген сенім білдіреді!