СТАЛИННІҢ ПОРТРЕТІ МЕН МҮСІНІ (ӘҢГІМЕ)
Ол үшеуі бір аймақтың аралары қашық үш елді мекенінде туып өскен еді. Кәдімгі екінің бірі айта беретін екінші жержаһандық соғыстан бұрынғы жұпыны ауыл. Күнкөріс ауыр. Теңіз кешіп, ау сүйретіп еңбегіне жалынған кіл кедей. Ол үшеуі сондай ортада тұрмыстың ащы дәмін молынан татып өсті. Үшеуінің де жатырлас ағалары болған. Біреуінің ағасы облыс орталығында әтібірлі қызметте, екіншісінің бауыры кеме капитаны еді.
Ал үшінші кейіпкеріміздің қол-аяғы балғадай ағасы ауылда колхоздың майлық-саулығы бірдей қара жұмысында ойды орып, қырды қырып жүретін. Сол еңіреген ерлердің үшеуі де атышулы отыз жетінің нәубетінде «халық жауы» деген қара тақтаға ілігіп, екеуі атылып кетті де, колхозшы жігіт он жыл мерзім арқалап, құлып астына қамалды. Алдыңғы екеуінің айыбын әлгі «үш әріптегілер» білмесе, ел іші білмейді. Ал үшінші ерің ауылдың аңқылдап жүрген аңқибайы алып та, шалып та айта беретін ақжарманың өзі еді; ақыры ішпей-жемей ауызынан қағынып ұсталды. Сол кеткеннен ол да хабар-ошарсыз кетіпті.
Ағаларынан айырылған үш жігіт те тағдырлас болды. Соғыс басталуына үшеуін де алды-артына қаратпай дедектетіп, алдыңғы лекпен алды да кетті майданға. Су ішерлігі таусылмаған екен, елге үшеуі де ауыр жарақаттан мүгедек болып оралды. Тек тірі келді демесек, үшеуінің де көрген күні күн емес, тұрмыс тапшы, жағдай ауыр. Жарақаттары көпке дейін жазылмай қиналды. Жан азабы, рухани дағдарыс – екі жақтан қинады. Шыдап бақты. Қызық болғанда, әтібірлі қызметте болған кісі мен кеме капитаны болған кісінің інілері қағаз қаралайды екен. Өздерінше ақын, шатпақтап шимайлайтыны өлең. Кадрдың тапшы кезі. Облыстық газеттің бұрынғы қызметкерлері майданда опат болған. Редакция жорналшыдан жұтап отырған. Екеуін қағып ала қойды.
Газеттің кәсібі қайбір жетісіп тұр. Мұнда да кәдімгі бір кем дүние. Редактор екі «ақынды» бір бөлімге бекітті. Екеуі қарама-қарсы отыратын. Жолдас-құрдас болғасын қазақ ұрқыны қалжыңдаспай, әзіл қашырмай отыра ма, өлуге қолы тимей жүрсе де, майданнан үйреніп қайтқан күлкілі анекдоттарды атым-атымымен айтып, қарқ-қарқ күліп отыратын. Күнкөріс ауыр, жұмыс одан да ауыр. Екі күннің бірінде редакцияда қонып қалуға тура келеді. Бір адамның мойнында екі адамның міндеті бар. «Адам ит жанды» деген, кейде үш адамның міндеті ошарылады. Итпектеп жүріп шыдайды. Шыдамағанда қылар қайран қайда бар? Жоқ. Елдің бәрінің жағдайы бірдей, азық-түлік карточкамен беріледі. Бұл екеуінің де үй іші кейде қара шай, қара нанға қарап қалады. Соғыс елді әбден тұралатқан. «Шықпа жаным шықпамен» амалдап жүргендер әр ауылда, әр қаланың әрбір көшесінде бар. Олар көп, көптің көз жасы көл. Соғыстың зардабын тартпаған шаңырақты ел кезіп іздесең де таба алмайсың.
Мүгедектің аты – мүгедек. Ол екеуінің жүріп-тұруы да бір машақат. Сүйретіліп жүріп екеуі іс-сапармен кезекпе-кезек елге шығып тұрады. Жазатын материалды екеуіне де жететіндей ғып молынан әкеледі; пейілдері кең, деректерді бөлісу мен елден келген хаттарды қорытуда бір-біріне тарылмайды. Екеуі қызық. Бір жылдың төлі болғандықтан шығар, бірін бірі ата-аналары азан шақыртып қойған есімімен атамайды. Ұзын бойлысы шарға бойлысын «Жыртықкөтен» дейді. Оқ бөксесін қопарып түскен ғой. Соғыстан кейінгі ғұмырын қос балдақпен өткерді. Бойы тапалдауы кеңкелесін «Ауыраяқ» дейді. Бір аяғын сүйретіп қисалаңдап жүретін. Бұл кісіңіз: «Әй, Жыртық-көтен» деп, анау: «Әй, Ауыраяқ» деп шақырса, ол да, бұл да:
– А-а... – деп қайырылып қарап тұратын, жарықтықтар.
Кейде еріксіз ойға қаламыз: «осы бұрынғының адамдарының тауары неден жаратылған?» деп. Қазіргі қоғамда қиындыққа, дағдарысқа шыдай алмай асылып өлетіндер жиілеп барады. Жарық дүниеге келгендері кімге міндет? Біреу үшін өмір сүруге келген бе? Өмірдің күрестен тұратынын, әрбір пенде ғұмырын күреспен өткізу үшін жаралғанын қайырып қойып, өзіне өзі қол жұмсайды. Түсініп көр. Шыбық тимес шыңқ етерлерге түсіндіріп көр. Тест-емтиханнан өте алмаса да өле салады; әке-шешесі түнгі сауық-сайранға жібермесе де өле салады; кездесіп жүрген ұл мен қыздың біреуі уәдеден тайып кетсе де өле салады... «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегеннің кері қазіргі заманда ерен күш алып тұр...
Ал мына екі мүгедек қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған коммунизмнің адамы ма? Жоқ, бұлар да ішер асқа, киер киімге жарытпаған кер заманның кертолғауымен жағаласып туғандар еді. Жарық дүниеге көзін тырнап ашқаннан көрмегені жоқ. Өмірді соғыспен бастады. Жорықта жүріп келешегі үшін пәрменді партияға мүше болды. Редакцияға әңгіме-сөзсіз қабылданғаны да сол коммунистік қызыл билеттің арқасы еді. Тұрақты қызметі болғасын жұрт қатарлы үйленді; алысқа ұзауға тұрмыс күйі көтермейтіндіктен редакцияның іргесіндегі пединститутты сырттай оқып бітірді; балалы-шағалы, не-мерелі болып, ақар-шақар шаңыраққа айналды. Соның бәріне жеңілдің үстімен жетті ме? Жоқ, ауырдың астымен жетті. Қайткенде де өмір сүру үшін жарым жанын жалдап жетті. Балаларын да жеткізді. Өйткені, ол екеуі өмірдің тауқыметімен жан аямай күресіп жеңді. Шаршап, шалдығып жүріп жеңді. Екеуі қан майданда жаудан жасқанбай бір ерлік көрсетсе, бейбіт өмірде осылай екінші рет ерлік көрсетті. Кейінгілер өнеге алатын-ақ тағдыр!
Адамның жаратылыс табиғаты деген тылсым ғой. Екеуі алабөтен әңгімешіл. Жұмыстың қағаберісіндегі уақытты көбіне әңгімемен өткізетін. Шерітетін әңгімелері – тірінің қызығы. Майданда бастан кешкендерін, орыстардың азиялықтарға көрсеткен озбырлығынан көңілі қалғандарын айтады. Екеуінің күңкілі кейде ауыл-аймақтың айналасынан басталып, аудан, облыс, республика орталығын көктей өтіп барып, Кремльдің төріне жетіп жығылады.
Сондағы айтатындары: әр деңгейдегі номенклатураның партократтары мен бюрократтарының арасында ауыс-түйістер, кім шырқап кетті, кім кейін шегінді, бюродан кім қандай жаза алды... Осылай да осылай. Қаламдастарының таң қалатыны, лауазымынан түскен кісінің орнына кімнің келетінін күні бұрын түс көріп білгендей кейде дәл келетіні бар. Қан көрген оңай ма, арасында саясатты да сапырады. Екеуі де сталиншіл, көсемге шық жуытпайды.
Жарықтықтар Сталинді сынаған Хрущёвті «атаңа нәлет тақыр бас» деп сыбап отыратын. Қаламы әлі жас әріптестері: осы екеуінің Сталин несін алған?! – деп таң қалады. Расында, бұл екеуі көсемнен қандай жақсылық көрді? Ағалары жазықсыз «халық жауы» атанып, бекерге атылып кетті. Олардың артында қалған қызыл қарын балаларының да, өздерінің де көрмегені жоқ. Жамбыл атамыз сияқты бұлар да Сталинге дүниеде ешкімді теңгермейді, – деп сыртынан іліп-қағып, сықақтап отыратын.
Таң қалудың көкесі кейін болды. «Ауыраяқ» іс-сапармен елге шығып жүргенінде қияндағы бір үйдің төрінен Сталиннің үлкен портретін көреді. Үй иесі де соғыста болған ауыл мұғалімі екен. Ол көсемнің кескінін аудан орталығында тұратын бір художникке арнайы тапсырыс беріп салдыртыпты. Майлы бояумен кескіндеген. «Ауыраяқ» мұғалімге менің атымнан тапсырыс берсең деп өтінеді. «Ол байғұс қайтыс болып кетті ғой» дейді мұғалім. Ендеше осы портретті маған сат, не сұрасаң да берейін, – деп бұл жата жабысады. Мұғалім көнбейді. Амалы таусылған «Ауыраяқ» портретті қимай, артына қа-рай-қарай кете барады.
Редакцияға келгесін әлгі мұғалім туралы көсілтіп жазған хикаясын газеттің бір бетін түгел алып суретімен жарыққа шығарды. Содан, құй сеніңіз, құй сенбеңіз, әлгі мұғалім қысқы каникулға шығысымен алып-жытып бара жатқан жұмысы болмаса да, облыс орталығына келген. Қолтығында қап-шыққа ұқыптап салып алған мұртты көсемнің портреті. Әкеліп майдандас мұңдасына сөзін салмақтап, тәттілеп отырып сыйға тартады. Сол портретті үш майдангер таң бозарып атқанша қырық градуспен жуған думандатып. Күн шұғылалы көсімнің де мақтауын жетістіреді, жетіқат көкке дейін шығандатып; өздерінің де бойы-бойы шығады.
Жарықтық бұрынғының адамдары-ай! Сол портрет атадан қалған қара шаңырақтың төрінде әлі тұр қозғаусыз. Ал өздері жарық дүниеден қосын артып көшіп кеткен.
Ал үшінші майдангердің болмысы ол екеуінің қалыбынан мүлде бөлек еді. Бұл қасқаң қарғадайынан кекшіл болып бой түзеді. Дүниені кекті бала, кекті жігіт, кекті кісінің көзімен пайымдады. Қоғамнан көрген қорлығын ұмыта алмады. Ұлы бабасы заманында дәулеті асып-тасыған бай болыпты. Оның дәулеті атасына, атасынан өтіп әкесіне дарыған. Үш бұт ошағына көктен құт қонып, жөргегінен болып толған сол әулет те, күндердің күні болған-да қара қырсығы қаптаған кісәпір заманның кәріне ұшырайды. Әке дәулетін тәркілеп ақ сирақ қылғаны өз алдына, ата-анасын тұқым тұяғымен ботадай боздатып жер аударады.
Білетіндердің айтуында әкесі туасы өжет кісі екен. Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып жүріп, шүршіттер еліне бала-шағасымен өтіп кетеді. Тек осы баласы оқыс жанап өткен оқтан жарақаттанып, бергі бетте қалып қояды. Содан кейінгі көргені өмір болмады, тозақ болды. Кісі есігінде жүрді. Колхоздың малын бақты, шөбін шапты; канал қазу жұмысына да алып кетті; Қарағанды шахтасында көмір қаздырды. Қандай жерлерде жүрсе де, шекарада әке-шешесінен ажыратып алып қалып, тағдырын тәлкекке ұшыратқан сол бір көккөзді ұмыта алмады. Оның кескіні өмір бойына көз шара-сынан кетпеді. Жанынан қалмай еріп жүргендей елестей беретін. Қашан мүгедек болып көңілі ойсырап қалғанша өмірін аузы түктілермен төбелесіп өткізді. Жұдырық жесе де қайтпады. Өзі сары, көзі көкті көрсе, қай-қайдағысы қозып, «аллергиясы» ұстап қалатын қырсығып.
Дүниеде алған бетінен қайтпайтын осындай қайсар ерлер де болады екен. Аузы түктілерге бұл дүниеде іші бір жылымай өтті бұл пәниден.
Бір дәуірде екі рет соғып, халықты қынадай қырған алапат аштық бұл қасқаның да таңдайына татып қалған-ды. Сыр бойында Жорықбай деген қара сөздің піріндей айтқыш жырау өткен. Бұл да қара жаяу емес. Сыр бойы сүлейлерінің жырларын бір кісідей жатқа білетін. Алқа қотан бас қосқан ортада жырла десе, бәлсінбей ақтарыла төгіп айта жөнелетін. Мына жарық дүниеде атаң қазақтай аңқау халық бар ма екен?! Бар болса бар да шығар, бірақ олардың аңқаулығы қазақтың аңғырттығынан өте қоймас. Қазағың сақтанып жүрейін демейді. Бұл қасқаң да сол Жорықбайдың: «Атаңа нәлет Николай! Бес тиын еді-ау қант пен шай. Айналайын, большевик, бес сом болды-ау бір түйнек...» - деп келетін ұзақ толғауын домбырасын шерітіп, көптің ортасында
толғап отырғанында КГБ деген үш әріптің бекбикелері үстінен басқан. Тілінен жазды, аузынан қағынды дегенің сол. Айдалып кете барған жеті жыл арқалап.
Артында екі баласымен уыздай келіншегі қалған. Абақтының қатықсыз қара көжесіне таңылып, тайгада бөрене құлатты, оны сүйреп апарып күркіреген сарқырамамен төмен ағызды. Сөйтіп бейнетке белшеден батып жүргенінде соғыс басталып кетті. Қылмыскерлермен бірге оны да дедектетіп майданға жөнелтті. Айып қосыны деген болады екен. (Штрафной батальеон). Айыбыңды қанмен өтейсің. Ә дегеннен тоғытып алдыңғы шепке салып жіберген.
Алдың ажал, артың тажал, шегінсең болды, қарауылға алады. Алдың да, артың да түтеген оқ пен от. Бұл неше рет өліп тірілді, отқа салса күймейді, суға салса батпайды. Арасат майданында жанынан түңіліп жүргенінде жаудың қоршауында қалып, тұтқынға да түсті. Тұз-дәм айдап Польшаның жеріндегі концлагерьден бір-ақ шықты.
Бұл қасқаң тұтқынға түскеніне қамығып қайғырудың орнына «қуанды». Ата жауына қанының қарайғаны сондай, жауға қарсы мылтық кезенуді жаны қаламады. Қаруды қолына амалсыздың күнінен ұстаған. Бар ойы соғыс сұрапылынан тірі қалу. Сосынғысын көре жатар. Алапаттың ақырын күтіп ішінен тынып жүре берді. Күшігінен таланып өскен қасқаның маңдайына қара жұмыстың ауыр-жеңілі бірдей. Тек, аштан бұрлығып өліп қалмаса болды. Өлесі болып нешеме рет жараланса да өлмей тірі қалды. Ата жауының жеңілгенін тілеп еді. Ол ойы болмады. Жеңген елге беттегісі жоқ. Польша жерінде тұрақтап қалғысы келген. Ондай мүмкіндік болды. Бірақ келіншегі мен көкелеп қалған екі жетімегі көзі іліне кетсе, түсінен шықпайды. Соларды ойлағанда, іші-бауыры сөгіліп шерлі жүрегі қанжылайды. Ақыры туған жердің топырағы тартты. Неде болса пешенеме жазылғанын көрермін деген. Көрді. Шекарадан өтісімен ит тепкінің астына алып тергеп, ұрып-соғып қорлаудың аяғы тағы түрмеге жіберді. Жазасын Ібір-Сібір жерінде өтейтін болды. Тағы да қарағай кесіп бөренемен алысу. Біткен жерім осы болатын шығар деп өмірден күдерін үзіп жүргенде, бір күні Құдай оңдап мұртты тиран тырапай асты. Талайлардың тағдыры сол тиранның ажалына қарап тұр екен. Босанатын болды ата жауының құрсауынан.
Елге қайтуға дәмеленіп жүргенде оң аяғына бөрене соғып, сирағын тізеден жұлып әкетті. Көрген азабы аз еді. Ендігі жетпегені – мүгедек болу екен.
Өлдім-талдым дегенде жетті ошағына. Үш бұт ошағы орнында екен. Тәубе, көрсеткеніңе шүкір, – деп күбірледі. Екі ұлы есейіп қалыпты. Тілі тақылдаған тағы бір қара домалақ жүгіріп жүр.
– Кімнің баласы? – деді алғанына.
– Сенің балаң, – деді қосағы төменшіктеп отырып. Бұл мырс етті. Не дерге білмей омалып отырып қалды. Тіл күрмелген.
Не десін, ішінен тынды; еркек болып қыр көрсетуге қайран жоқ. Бір әулеттен қалған қара басы. Не алдында, не артында арқа сүйері жоқ. Сыңар аяғымен қайда барып ықтасын табады. Ендігі амал: тағдырдың дегеніне көндігуден басқа лаж жоқ. Елден кеткелі арада жиырма жыл өткен. Жас жанды жағдай жаңылыстырған. Болары болғасын не істей алады. Жазғыра алмады. Құмырсқа жолыңды біл, сен әліңді біл. Ал, жақсы, дегенде ендігі тірлікті неден бастауы керек? Қыр ізінен қалмаған ит тірліктен оқи алмаған. Тәңірінің жарылқағаны, жат жердегі лагірде тұтқындардың аяқ киімдерін жөндеп, жамап беретін. Бір сау аяғы, бір ағаш аяғы, қолында таяғы – үш аяғымен шоқаңдап басып «райбыткомбинат» дегенге барды. Директоры есбілгі азамат екен. Етікші екенін білгенде қуанып кетті.
– Біздің қазақты түсінбей-ақ шашым ағарды. Балдарын мектеп бітірген бойда институтқа ала жүгіреді. Кәсіпке баулып үйретейін демейді. Осы комбинатта еркек кіндіктен жалғыз қазақ мен. Былайғы еркектер грек, еврей, шорт-порт... Сағат жөндеуші де, аяқкиім тазалайтын да, суретке түсіретін де, етікші де, бас киім тігетін де, көшпелі шеберханамен ел аралап сауда жасайтын да грек пен еврейдің баласы. Бәрі де міндеттемесін асырып орындайды, ай сайын жалақысына қоса премиальный алады. Он үшінші табысы тағы бар.
Иә, солар кімнен кем, шетінен күйлі. Бүгіннен бастап бұйрық беремін. Дүңгіршегің дайын. Давай, іске кіріс, мен осы орында отырғанда жаман болмайсың! – деп ағынан жарылды.
Директор айтқандай етікшілік те табысты болады екен. Бір жылды артына салғанда кәдімгідей күйлене бастады. Дүңгіршегінде табжылмастан кешке дейін болады. Жан дүниесі тыныш. Түстік асын кемпірі қатынатып тұрады. Қанша дегенмен байының алдында айыбы бар ғой. Жүзіне тіктеліп қарай алмай назарын төмен салып жүреді. Жай сөйлейді, бәйек болып күтеді. Дегенде, бұл қасқаның кеудесін кернеген кек тұрмыс жағдайы жақсарса да өшпеді. Бір ермек тауып алды. Дүңгіршектің қабырғасына Сталин мен Голощекиннің суретін жапсырып қойған. Бала құсап рогатка жасап алған. Шиенің сүйегін жинаған. Аяқкиім жөндеуден талығып кеткен кезде, хорхорының түтінін будақтатып отырып қарсы алдындағы екі суретті: «Әй, теке сақал! Әй, Сосо сұмырай! Маңдайларыңнан таспа алып, етіктерді тігейін. Тігейін де, тап енелеріңді ұрайын! – деп рогаткасын керіп, шиенің сүйектерімен тырс-тырс атқылайды.
– Көрінде тек жатпағырлар. Тозақтың тамұғында шырқырап жайрағырлар. Мә! Мә!» – деп үсті-үстіне сатырлатып атар еді кіжініп. Сосын темекі түтінін қос танаудан бұрқыратып, көзі қанталап бір уақыт сұлқ отырып қалар еді.
Кейде кемпірі үстінен шығып қалып:
– Байғұс-ау, қойсаңшы. Бір бәлеге тағы ұрынып қалармыз... – деп шыр-пыры шығады. Бұл болса:
– Әй, қатын-ау, қайтейін, кеудем шыдатпайды, күйіп-жанып барады ғой... – деп өксіп, өксіп алатын.
Сондай күндердің бірінде бұл қасқаң кей-кейдегі дағдысымен кент сыртындағы қоқыстар үйіндісінен қалған-құтқан резеңкі, былғары қиындыларын жинауға үш ұлын алып барды. Алдымен көзі түскені ақ түсті бірдеңенің тұмсығы қоқысқа кіріп кеткен, төрт бұрышты қуыс кеудесі аспандап ашық жатыр. Өзі көземелдеп балдарына қозғалтып көрген. Қоқыс үйіндісі арасынан мұртты көсемнің кеуде мүсіні бұған қарсы қарап отыра қалды.
– Ә-ә... албасты-ы... өзіңе сол керек, – деп ыңыранды. Балдары аң-таң. Бір мүсінге, бір бұған қарайды, не істейміз дегендей.
– Бұны арбаға тиеп ала кетейік, – деді.
Есек арбаға төртеуі жабылып резеңке, былғарының қалдықтары мен көне-көскі аяқ киімдердің ортасына көсемнің кеуде мүсінін орналастырып, үстіне шолақ шекпенін жауып кері қайтты.
– Бұл енді сенің жем жейтін ақырың болады, – деді есегіне ақырын сыбырлап.
Мүсінді үйге жеткізгесін қораның көлденең көзге түсе бермейтін түкпіріне апарды. Балдарына сол орынды қаздырып, мүсіннің басын көмдірді. Өз ойынша мықтадым деп тұр.
– Әп, бәрекелде-е, – деді. – Енді мұның қуыс кеудесін жем шөппен толтырыңдар да, есекті соған байлаңдар. – Өзіне, сол керек, нағылеттің! Қанша халықты қынадай қырып қорладың, мен де сені осылай қорлайын...
Есек әуелі құлағын кезек-кезек қайшылап жіберіп мүсіннің түбіне сарып алды. Сосын сол талтайып тұрған қалпында қуыс толы жем-шөпті құныға күйсеуге кірісті.
Содан бері жылжып жылдар өткен. Есегі сол мүсін-ақырдағы азығын күйсеп тұрған. Иесі төсегінде сарғайып жатып ақтық демі үзілер сәтте есегі кеңірдегі мен кеңсірігін жарып жіберердей оңқылдап ақырғанда айналаны азынатып барып басылды.
О, дүние деген...
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы