ОРЫНДАЛҒАН БІР АРМАН
Бала кезімде үйдің төрінде бірі құлақшынды, бірі әскери киімді, екі жауынгердің суреті ілулі тұратын. Ес білгеннен кейін олар туралы сұрасам, әжем Биға баласын іздеп мұңаятын да, көкем Әбдірәуіп: “Бұлар Ұлы Отан соғысына кеткен ағаларың”, деп сағынышпен еске алатын.
Әр оттың басына осындай қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысына Қармақшы ауданынан 5 мың азамат аттанып, оның 1700-і ғана оралған, қалған 3 300-інің денесі жат жерде қалған деген дерек бар. Сол хабарсыз кеткендердің бірі – Әкім Шайхиев (Тұрмағамбет әкемнің інісі Шайхы әкенің баласы). Әкім аға Қармақшы ауданы, қазіргі Тұрмағамбет ауылында туылған. Соғыс басталысымен майданға аттанып, содан хабарсыз кеткен.
Екіншісі – Махмұтбек Тұрмағамбетұлы Ізтілеуов. Ол кісі де осы ауылда 1921 жылы белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің отбасында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргенде-ақ аудандық газетке өлеңдері жариялана бастаған. 1937-1940 жылдары Қызылорда қаласында мұғалімдер дайындау факультетінде оқиды. 1940-1942 жылдар аралығында Қызылорда қаласында облыстық сотта архив меңгерушісі, хатшысы және сот орындаушысы болып қызмет атқарады. Ағам сот орындаушысы болып жүргенінде, 1942 жылы соғысқа кетеді де, келер жылы қанды шайқастың бірінде мерт болғандығы туралы қара қағаз келеді. Содан бері “Шіркін, қайда жерленгені табылса, топырақ бұйырса” деген армандар әр бауырдың көкірегінде еді.
2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына сәйкес өткізілген іс-шаралар үзілмеген үмітке шам жаққандай болды. Атақты Сыр шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтің бел баласы Әбдірәуіптің отының басына 2015 жылдың наурыз айында Ресей елінен Ізтілеуов Махмұтбектің іздестіру жұмысында тізімнен шыққандығы туралы хабар келді. Сол жылдың 27 тамызы күні Мәскеу қаласына жолға шықтық. Мәскеуден 230 қашықтықта орын тепкен Тверский облысы, Зубцов ауданына бардық. Жол бойы ҰОС-ның тарихынан белгілі “Волоколамск”, “Пугачево” секілді қалалардың үстінен өттік.
Махмұтбет аға Мәскеу түбіндегі шайқаста атқыштар дивизиясында бөлімше командирі болып жүргенінде 1943 жылғы 29 қаңтарда Пугачево деген деревняда қайтыс болған екен. Зубцов ауданының ортасында “Бауырластар” мемориалды зираты орналасқан. Айнала тас тақтаға ойылып жазылған тізімнен көз сүрінеді. Түрлі ұлт өкілдерінің тізімі бар. Ескілеу тізімнің жоғарғы жағына (төрге) 50 шақты кісінің тізімі жаңадан жазылған екен. Сол жерден “Ізтілеуов М.” деген фамилияны оқыдық.
Сол жердегі анықтамаларда: “Бұл жерге 197 елді мекеннен 1957-58 жылдары 11243 жауынгердің сүйектері жерленді” деген дерек бар екен. Бір қазақ кісінің белгісінің жанынан топырақ алып, соның орнына апарған топырағымызды көмдік, дұға оқып, бойымыз бір жеңілдеді. Мәскеуден шыққалы толассыз жауып тұрған күн шайдай ашылды. Мұны да жақсылыққа баладық. Зиратқа жергілікті тұрғындардың өте құрметпен қарайтыны көрініп тұр. Бір уыс топырағымызды алып, аға әруағына тәу етіп, ризашылық сұрап елге қайттық. Ағаларға арнап ас берілді.
Тектіден текті туатындығы шығар. Махмұтбек аға соғысқа дейін де өлең жазған екен. Алапат соғыс кімді дегеніне жеткізген? Сол кісінің кейбір өлеңдерінен үзінді ұсынғанды жөн көріп отырмын.
МАЙДАНДАҒЫ АҒАМ ӘБДІРӘУІПКЕ
Қармақшы туып өскен жерден сәлем,
Аға, іні, қатар жүрген елден сәлем!
Құлпыртып Қуаң бойын қырмызыдай,
Жайқалтып самал берген жерден сәлем!
Әбеке, сәлем жаздым сізге арнай,
Жалынды, жарасымды сөзді қармай.
Отанның орақ тісті ойсылдары,
Соғыстың тактикасын ал құнарлай.
Еңбек ет елің үшін, жерің үшін
Кең байтақ жерден шыққан кенің үшін.
Қалайда халық тұзын ақтау керек,
Сіздерге халық сенген сенім үшін...
Қызылорда. 5 февраль, 1942 жыл.
ТАЛҚАНДАЙМЫЗ
Колхозға сәлем қиырдан,
Жас жүректен құйылған!
Күт, сәлемді колхозшым,
Жел мен жүйрік құйыннан.
Талқандаймыз фашисті,
Есінен мәңгі кетпестей,
Көрсетіп “сыйын” бұйырған.
Бір бұл ма екен, бұрын да –
Талай жаулар тазарып,
Жерімізден қуылған!
1942 жыл.
Бұдан да басқа “Әлін білмес әлек болар”, “Арыстан мен түлкі”, “Социалистік салтанат” атты өлеңдері бар. Арманда кеткен асыл ағамның майданда жүріп жазған көкірек сағыныштары, асыл армандары қойын дәптерінде кетпесіне кім кепіл?
Жиырма екі жасар қыршында не арман кетпеді десеңші?! Қиян-кескі соғыста туған жердің топырағына жету де арман болған шығар? Артындағы бауырлары бір арманын орындағандай күй кешудеміз.
Шалқыма ӘБДІРӘУІПОВА,
Тұрмағамбет ақынның немересі,
Қызылорда қаласы