РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ҰЛТТЫҚ КОДТАН БАСТАУ АЛАДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы Қызылорда облысында ұлттық мұраларды таныстыру, тарихи-мәдени жетістіктерді насихаттау бағытында қыруар шаруа атқарылды. Бұл жайында «Сыр медиа» ЖШС жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас бағдарламаның облыста атқарылуымен алдағы міндеттеріне арналған онлайн конференцияда мәлімдеді.
Құрылғанына көп болмаса да, аталған орталық көптеген игілікті істің бастамашысына айналып үлгерді.
– Елбасының бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттер «Туған жер», «Қазақстанның сакральды географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», қазақ тілінің латын графикасына көшіруге байланысты 6 арнайы жоба аясында орындалуда. Біздің жұмыс негізінен ғылыми бағытта өрбиді. Сондықтан алдағы уақытта Оғыз дәуірінің әдеби-тарихи ескерткіштерін зерттеу, Қорқыт ата кітабын түпнұсқадан аудару, жаңадан ашылатын қалалық тарихи мұражай қорын құнды қолжазба және кітаптармен толықтыру, қазақ зиялыларының Қызылордада жарық көрген шығармаларын зерттеу, түпнұсқасымен бірге латын әліпбиінде жариялау сынды жоспарымыз бар, – деді Н.Мыңжас.
Осы орайда орталық басшысы рухани жаңғыру, қоғамдық сананы жаңғырту шаралары түгелдей орталықтың келісімімен ғана атқарылуы қажет екенін ескертті. «Өйткені, орталықтың құрамында республикаға белгілі ғалымдар, тәжірибелі мамандар бар», – деді Нұрлыбек Кәрібозұлы.
Орталық биыл жүздеген қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Іскер азаматтарды туған жерді көркейтуге жұмылдырып, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, тарихи құнды мұраларды жарыққа шығару ісін де ілгері бастыруда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы 6 арнайы жоба 6 кіші бағдарлама шеңберінде орындалуда. Атап айтар болсақ, «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқыны», «Іскер азамат – ел тірегі», «Өзгерісті өзіңнен баста» кіші бағдарламаларының бірнеше базалық бағыттары мен республикалық, аймақтық жобалары арқылы жүзеге асырылуда.