САДАҚ ТАРТУ СӘНГЕ АЙНАЛСА
Адамзат жаралғалы бері қолданыста болған ең көне қарудың бірі – садақ болса керек. Әлімсақтан әріге кетсек, алғашқы тас дәуірінде аңшылық үшін қолданғанында жақсы білеміз. Әсіресе, ежелгі шығыс елдерінің, ғұндардың, Орта азиялықтардың тұрмыс-тіршілігіндегі ажырамас бөлігіне де осы қару айналған. Оны барлық әлем елдері кешегі ХХ ғасырға дейін қолданыпты.
Ерлік пен елдікке, тектілік пен теңдікке төрін берген түркілерден бастап садақшылардың орны жауынгерлер арасында жоғары болған. Оған біздің ел ішіндегі «Мерген» атағын алғандар дәлел. Бұл атақты да жауынгер жұртымыз көлденең көк аттыға да жабыстырмағанына сенімдіміз.
Өркениет дамып, жаңа технология заманы туғалы да садақ тартудың шеттеп қалғанын айту ләзім. Бірақ, біржола емес. Қазіргі таңда садақ тарту соғыс қаруынан кетіп, спорттың бір түріне айналған. Соңғы уақыттары қазақтың ұлттық спорт ойындарының қатарына да нық енген. Еліміздің түкпір-түкпірінде садақшыларға арналған үйірмелер ашылып, жұмыс істеуде.
Қазақтың қанында бар мергендік өнер Қазалы ауданында қалай дамуда? Ептілік пен шапшаңдықты бойына шақтаған жігіттердің қызығушылығы қалай? Құралайды көзге атқандар біздің өлкеден де шығады ма? Осы сауалдар төңірегінде «Қазалы» спорт клубының басшысы Нұрболат Әбиевтен сөз тартқан едік.
– Қазалы ауданында соңғы уақыттары ұлттық спорт ойындарын дамыту жақсы жолға қойылған. Соның бірі – садақ тарту. Оның ішінде жамбы атуды дамытсақ деген жоспарымыз бар. Өздеріңіз білетіндей жамбы аттың үстінде келе жатып атылады. Мергендер мінетін аттарда белгілі тәртіппен шауып, сол спорттың ығына бейімделуі керек. Сондықтан оған асқан дайындық қажет етіледі. Меніңше, ол адамның қол шапшаңдығы мен машықтығына байланысты болатындай. Алда келе жатырған күзгі спартакиада ойындарында алғаш рет осыны көпшілікке көрсеткіміз келеді, – дейді спорт кешенінің директоры.
Қазіргі таңда, біздің ауданда Орынбор қаласынан әкелінген 3 садақ бар екен. Жақсы нәтиже беріп, дұрыс жолға қойылып жатса садақ саны да еселенетін көрінеді.
«Қанына тартпағанның қары сынсын» деген тәмсіл бар. Қанда бар спорттың ешқайда кетпейтіні айқын. Ендеше, Сыр сағасындағы Қазалы өңірінің садақшыларын үлкенспорттық сайыстардан да көретін күнде алыс емес секілді.
Түйін: Cадақ тарту қол мен көз мергендігімен қоса, адамның ерік-жігеріне, төзімділігіне, псиохолгиясына де өте қатты әсер етеді. Кез-келген дүңбіршектегі әр қоғасыны 20 теңгеден атылатын «Тир» мылтығының орнын садақ алмастырса, қазақтың төл спортының ұтпаса, ұтылмасы рас.
Есет ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы ауданы