ЖАҚСЫ ӘЙЕЛ – ЖАРЫМ ЫРЫС
...Бір жолы араб халифатының әміршісі Омар патша өзінің қол астындағы халықтың тыныс-тіршілігін, өзіне деген сенімін байқау үшін қарапайым киініп көше аралауға шығыпты. Тар көшемен келе жатса сыртқы есігі ашық тұрған үйден қызы мен шешесінің әңгімесін естиді. Шешесі:
- Қызым, ана патшаның адамдары алып кететін сүтке су қос, өзімізге де қалсын, - дейді. Қызы:
- Патша халықтан жиналатын сүтке су қоспаңдар деп жарлық берді ғой, болмайды, - дейтін көрінеді.
Шешесі:
- Ешкім көріп тұрған жоқ, қоса бер, - дейді.
Қызы:
- Патша көрмегенмен бәрін Алла көріп тұр ғой. Алладан жасыра алмаймыз ғой, - дейтін көрінеді.
Патша қыздың жүрегінің тазалығын көріп риза болып, қайтып келісімен балаларын жинап, мен бір жүрегі таза қызды көріп келдім. Сол қызды біреуіңе құда түсіп алып беремін, - деп, арнайы кісілер жіберіп, қызды алдырып, бір баласына келін етіп алған екен. «Жүрегі таза адамнан таза ұрпақ өседі, менің ұрпағымның келешегі кемел болуы үшін осы қызды ұнаттым» деген екен әлгі патша.
Біз көбінесе біздің аталарымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен осыншама ұлан-ғайыр жерді ұрпағына мирас еткен деп жатамыз. Шындығында, осыншама байтақ жерді сақтап қалуда, тіпті қазақтың ұлт ретінде жойылып кетпеуінде қазақ әйелдерінің батырлығы, қайсарлығы, жүрегінің тазалығы, ұрпағына адалдығы көп септігін тигізген.
Батырлар соғыста жүргенде ауылда қалған әйелдердің егеулі найзасы, ерттеулі аты ошақтың қасында тұрған. Әйелдер өздерінің батырлығымен, батылдығымен ауылда қалған келешек ұрпақ бала-шағаны, кемпір-шалды жаудың шағын жасақтарының шабуылынан, ұры-қарылардан бүкіл елдің малын қорғап, қорған болып отырған. Сөйтіп жүріп дүниеге ұрпақ әкелуді де ұмытпаған, босана салысымен баласының кіндігін өзі кесіп, белін буып, тірлігін жалғастыра берген. Міне, осындай батыр да қайсар, жүрегі таза, көңілі жайсаң аналардың арқасында өмір жалғасып келе жатыр.
Бірақ кейінгі кезде қазақ әйелдерінің арасында өмірі құлақ естіп, көз көрмеген ата-баба дәстүрінде жоқ үрдістер орын алуда. Қазақ қыздары небір тар жол тайғақ кешу қиын замандарда арын сатпаған. «Арым – жанымның садағасы» деп арын сатқаннан, басқа біреуге, жауға жем болғаннан гөрі бақилық болуды жөн санаған. Ашаршылық кезінде де өзі өлімнің аз-ақ алдында көзін зорға ашып жатса да арын сатпаған, абыройым, арым жанымның садағасы деуден өмірі танбаған. Кейбіреулер қазақ қыздарының арасында жезөкшеліктің, яғни халқымыздың тарихында өмірі болмаған жағымсыз әдет жоқшылықтың әсерінен болды деуге саяды.
Мүмкін тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шамалы қиналу болған шығар, бірақ қиындыққа шыдамай ата дәстүрінен ауытқу халқымызда өмірі болмаған жат әдетке, жағымсыз әдетке бару жақсылыққа апармайды. Сондықтан халықтың арасындағы осындай келеңсіз көріністерден, жаман әдеттерден бүкіл халық болып, бүкіл қазақ болып күресіп, еліміздің болашағы жайлы толғанғанымыз дұрыс болар. Қазақ халқы атам заманнан бері аруларын ардақтаған, аналарын құрметтеген елміз. Сол дәстүрден айнымайық ағайын!
Халықтың арасында Нар деген би өзінің әділдігімен, турашылдығымен есте қалған әділ би болыпты. Ел аралап келе жатып, таңертең бір ауылдың шетінде әйелін шыңғыртып сабап жатқан үйге тап болыпты. Дереу сол елдің қариясын шақырып алып:
-Әйелді еркелет, ол сенің жұбайың, балаңды еркелет, ол сенің ұрпағың. Әйелді сөзбен жықпай таяқпен жығу жаман еркектің қолынан келеді. Ақсақал тентегіңе мен қолымды былғамайын, тыйымды өзіңіз салыңыз, - дейді.
Түс қайта Нар би ауылдан аттанар тұста жаңағы қария келіп:
- Биеке, біздің үйден дәм татып кетіңіз, - десе, Нар би:
- Ана қадірін білмейтін ауылдан дәм татпаймын, - деп атының басын өз ауылына қарай бұрып кетіп қалған екен.
Ананы құрметтеудің, оның абыройын асқақтатудың бұл да бір шынайы көрінісі емес пе?!
Есіркеп ШӘДІБЕКОВ,
зейнеткер