ЖЫРШЫЛЫҚ ӨНЕР ДӘСТҮРІНІҢ ШАМШЫРАҒЫ
Ата-бабаларымыздың әлемге таралған өнер дәстүрінің қазіргі кезде бүкіл Түркі әлеміне мәлім алтын ордасы – орталығы болып отырған Тұрмағамбет ақын атындағы ауылымызда туып-өскен, танымал ақындарымыздың, жыршы-жырауларымыздың ұлағатын үнемі бағалауды басты назарда ұстаймыз.
Жыршылығы мен жыраулығы-ақындығы тұтастанған шығармашылық өнер иелерінің өлеңсөз мәтіндерін әуез-мақам саз әуендерімен қоса өріп орындауы сәттерінің тыңдаушыларды баурайтын эстетикалық ықпалын айтқанда олардың болмыс-бітімінің портреттік-психологиялық, антропологиялық сипатын романтикалық-реалистік сарындар аясында елестетеміз. Ежелгі түркі өркениеттері дәуірлерінде негізі қаланған бет құбылыстарының, дене қимылдарының өлеңсөз бен әуез аспаптары дыбыстарымен, жыр тармақтарымен қосылуынан психологиялық өзгеше хал-ахуал сезіледі. Адам ағзасын, жандүниесін ғарыштық-ғаламдық кеңістікке самғататын – жыршылық-жыраулық орындаушылық өнер құдіретін қалыптастырған Тұрмағамбет ақын ауылы атырабындағы жыршылар-жыраулар (Ешнияз сал Жөнелдікұлы, Жиенба Дүзбенбетұлы, Рүстембек Жиенбайұлы, Шамшат Төлепова, Әбдірәсіл Жұбатқанов, Сүйінбай Ақбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Орақ Дәнекеров, Көшеней Рүстембеков, Қуандық Бүрлібаев, Алшынбек Сәрсенбаев, Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Серік Жақсығұлов, Ұлжан Байбосынова,Дінислам Тоқсанбаев, Майра Сәрсенбаева, Арнұр Көшенейұлы, Әділхан Қуаңбаев, Бисенбек Төлеубаев, т.б.) есімдерін даралап айтамыз.
Түркі әлеміндегі жыршылық-жыраулық орындаушылық өнер дәстүрінің Түркі әлемінің алтын бесігі – Алтайда және оның атыраптарында қалыптасқан ата-бабалар болмысын сақтап отырған Тұрмағамбет ауылы – біздің жалпыұлттық киелі ордамыз. Осы өнер ордасы ауылдың төл перзенті, көрнекті жыршы-жырау Шамшат Төлепованың шығармашылық ғұмырнамасы да қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елі ұрпақтарына үлгілі-өнегелі сипатымен бағалы. 1930 жылы қазіргі Тұрмағамбет ақын атындағы (бұрынғы Ленин атындағы кеңшар) ауылда өнегелі отбасында дүниеге келген. Шілдеханасындағы ойын-сауықтан басталған, бесікте жатқан шағынан, еңбектеп жүріп, былдырлап тілі шыға бастағаннан киелі дәстүрлі ауылдың жыршы-жырауларының әуезді, мақамды-сазды толғауларын санасына сіңіргені анық. Оның себебі, Ақтайлақ мекенінің маңайындағы, Сырдария мен Әмудария өзендері мен Қаратау атырабындағы ауызша және жазбаша авторлық поэзияның халыққа кең таралуында бұл кезеңде әншілік-термешілік пен эпик жыршылық орындаушылық өнер дәстүрінің ақпараттық-насихатшылық қызметі мейлінше белсенді қызмет атқарған еді. Әсіресе, Шығыс классикалық жазба әдебиеті мен қазақтың төл ақындық-жыраулық поэзиясында тұрақты жырланып келе жатқан адамгершілік-имандылық қасиеттер уағыздалатын халықтық-педагогикалық терме-толғауларды ауылдардағы жиындарда (астарда, тойларда, қонақасы мәжілістерінде, шілдеханаларда, т.б.) орындаушылық дәстүрі ықпалды қызмет атқарды. Шамшаттың жасөспірім кезіндегі жыршылық-термешілік өнермен қанаттанып қалыптасуында осындай шығармашылық өнер дәстүрі мен өзіндік табиғи талант жаратылысы психологиясы тоғысты.
Онжылдық мектепте оқып жүрген кезеңдері (1938-1948ж.ж.) – майдангер ақындар – Әлібек Бәйкеновтің, Әбзәли Егізбаевтың, Бисенбай Қасқырбаевтың, Ібаш Райымбаевтың, Асқар Қожахметовтің елге жолдаған хат-өлең, толғауларын, Сыр сүлейлері Ешнияз сал, Базар Оңдасұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының жырларын орындап, ауылдастарының қаралы, жаралы жүректерін жұбату өнерімен баурады.
Тағдыры туған отбасының, Отанының тарихи кезеңдеріндегі әралуан оқиғалармен өрілген талантты ару Шамшат ғұмырнамасының анықтамалықтардағы көрсеткіштері – өмір қозғалысының тағылымын танытады.
Әкесі Төлеп Байтасов күйші, әнші, ақын, белгілі Кете Жүсіптің жиені. Шамшаттың ағалары Оразбақ, Тәуекел, Әбіләкім ақын – үшеуі де екінші дүниежүзілік соғыста қаза болған. Облыстық көркемөнерпаздар байқауының бірнеше дүркін лауреаты болған Шамшат 1976 жылы жыраулардың облыстық тұңғыш слетінде жүлде алды. Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерекесіне қатысты. Халық жырауларының және өзінің термелері грампластинкаға жазылды, қысқа метражды телефильм түсірілді
11-12 жастағы жасөспірім қыздың тыңдаушылардың жандүниесін баураған саналуан иірімді әуендері мен әуездеріне өріле жырлаған терме-толғаулары халықтың айрықша ықыласын иеленді. «Жыршы-жырау Шамшат ару» атымен танымал болған оның шығармашылығын дамыта өрістетуі қазақ тарихының көрнекті қайраткер ақыны Нартай Бекежановтың өнер тобында болған кезеңінде айрықша танылды. Осы арада академик-өнертанушы Ахмет Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» монографиясындағы осы өнер ұжымы туралы тарихнамалық-дерекнамалық бағалауларды назарға аламыз: «...Нартай ансамбльдің арқауы болды. Ансамбльдің составында домбырашылар, әншілер, бишілер, тақпақшылар болды. Ансамбль күн санап өсіп, халық алдында беледі арта берді.
Бұл коллектив репертуар жағынан да бай болды. Қазақтың халық әндері, совет композиторларының шығармалары, біздің заманымызды үгіттейтін кіші-гірім драмалық пьесалар болды.Мұны «Нартай ансамблі» деп атап кетті халық.
Ұлы Отан соғысы кезінде «Нартайдың ансамблі» творчестволық құлашын кең жайды. Ол Шымкент, Жамбыл, Қызылорда облыстарын ғана аралап қоймай, Қырғызстанның Ош, Жалалабад облыстарын аралап, тылда ерлік еңбек жасап жатқан адамдардың рухтарын үнемі көтеріп жүрді.
Демек, сөз арқауындағы «Нартай ансамблі» қазіргі көзқараспен айтқанда, республикалық және халықаралық деңгейдегі шығармашылық өнер ұжымы. Осы «Нартай ансамблінің» кейін құрамында болған жыршы-термеші Шамшат Төлепованың репертуарында миллиондаған боздақтар қырылған соғыстағы жауынгерлеріміздің қаһармандық-жауынгерлік ерліктерін соғыстан кейінгі жаңа ұрпаққа танытатын көрнекті халық ақындары – Жамбыл Жабаевтың, Нұрпейіс Байғаниннің, Кенен Әзірбаевтың, Доскей Әлімбаевтың, Нартай Бекежановтың, Әбзәли Егізбаевтың, Асқар Қожахметовтің толғауларын республикамыздың, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Қарақалпақстанның жұртшылығы алдында тұрақты орындады.
Халықтың қаһармандық-жауынгерлік айбынды рухы мен фашизм соғысының сұрапылы майдандасқан өмір философиясына арналған ақындардың осындай өршіл рухты жырларын Шамшат өмір бойы орындады. Оның кең тынысты дауысының иірімдерінен, шалқар кеңістікке тыңдаушылар қиялын қалықтататын қайырымдарынан – Ұлы Дала елінің ата-бабалар дауысы естілгендей әсер туындайтын. Өмір бойы қолындағы күмбірлеген қоңыр домбырасымен және өзінің ауызынан төгілетін сөз бен мақам тоғысындағы жыршылық-термешілік өнерімен халық махаббатын иеленген Шамшат Төлепова – тарихымыздағы танымал тұлғардың бірегейі.
Оның орындаушылық өнерінің арқауына алынған ақындардың туындылары да саралана көрінеді. Жүсіп Ешниязұлының «Әлеумет келер жиналып», «Сыр бойының сүлейлері», «Ұстаз», «Адамдық пен надандық», «Өсиет».
Омар Шораяқұлынан «Сөйле, тілім, жосылып», «Ұстаздарым», «Әділ іс», «Өмір өрнектері».
Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан «Адамдық іс», «Қайрама халыққа тісіңді», «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның», «Толымды жігіт», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын», «Әр елдің бар бұлбұлы», «Адам», «Асықпа, аяғыңды абайлап бас», «Туған елге сәлем хат», «Кейінге нені тастап кетемін», – деп шығармаларын орындады.
Өнер тұтастығы – жыршы-термешінің шығармашылық психологиясының алтын арқауы. Әдеби үдерісте туындылары ақпараттық жарияланымдар жоқ дәуірлерде қалыптасқан дәстүрлі құбылыс – туындыгерлер шығармаларын жыршы-термешілердің, әншілердің, әңгімешілердің орындаушылық-айтушылық шеберлігімен аймаққа, тұтас дала кеңістігіне кеңінен танылатындығы. Шамшат жыршының орындаушылық өнеріне тән тыңдаушыларын эстетикалық әсерлі сезімдерге бөлейтін, қуандыратын, көңілдендіретін, ойландыратын, жігерлендіретін психологиялық ықпалды сипатымен көрнекті ақындардың туындылары адамдар жадына жатталды. Шамшаттың саналуан иірімді, толқындана-толғана шырқалатын әуендеріне бөлене естілетін дидактикалық-педагогикалық, филососфиялық мағыналы толғаулардың-термелердің тәлімдік-тәрбиелік ұлағаты халықтық тәрбиенің қуатын танытты. Бұл орайда, Шамшаттың жыршылық-әншілік орындаушылығының өнер психологиясының күрделі эстетикалық-философиялық мағыналы сипатын да ерекше атап өтеміз. Халықтың көз алдында көркем келбетті даралығымен, домбырасы мен киген киімімен, әуез аспабының пернелерін бойлаған саналуан қимыл-қозғалыстарымен, сан түрлі иірімді-қайырымды дауыс нақыштарымен – отырғандардың тыңдаушылық пен көрермендік ықыласын психологиялық ықпалдылығымен баурап алған орындаушылық өнер иесінің құдіретті болмысын сезінеміз.
Адамгершілік асыл қасиеттерді өлең сөздің насихат сарынымен жырлау – Шамшат жыршылығының басты арқауы. Ақындардың философиялық-педагогикалық өлеңдерін Шамшат өмір бойы жырлады. Мысалы, Жүсіп Ешниязұлының «Адамдық пен надандық» өлеңін жырлауын тыңдаушылар ерекше ықыласпен қабылдайтын.
Ал, Жүсіп ақынның «Өмір сырлары» атты философиялық өлеңін орындау сәтіндегі Шамшаттың өнернамалық тұлғасы қазақтың ата-бабалары рухын, олардың ойшыл абыз-тәлімгер, ұстаз келбеттерін көз алдымызға әкеледі. Фәни мен бақи дүние аралығындағы ғұмырнама белестерінің тоқталмайтын мәңгілік қозғалысын Жаратушы Алла ұйғарымындағы кезеңін әрбір жаңа буын ұрпақтың мағыналы-мазмұнды өткізуі насихатталады, тыңдаушыларды ақыл-ой әлемінің ұлағатымен баурайды:
Жыршылық-термешілік – өнер психологиясы ауқымында байқалатын жалпыөркениеттік өзекті мәселе. Шамшат сынды орындаушылық өнер иелеріне тән ортақ ерекшелік – өлеңсөз мәтіндеріндегі жеке сөздердің, сөз тіркестерінің поэтикалық-философиялық мағыналарының тыңдаушылардың эстетикалық таныммен қабылдауын жүзеге асыруы. Әралуан жастағы тыңдаушылардың өнер иесін сахналық орындауы көруі сәтіндегі әсерленуі мен орындаушылық кезіндегі өлеңсөз мәтінінің мағыналарындағы драмалық, трагедиялық, комедиялық болмыс шындығын романтикалық-реалистік тұтастықпен сезіндіру – ең басты мәселе. Шамшаттың жыршылық-термешілік орындаушылық өнеріненәсерленген тыңдаушыларының оны тағы да қайталап тыңдағылары келетіні – біз көрген тарихи шындық. Шамшаттың орындауында айтылған туындылар қатарындағы Омар Шораяқұлының философиялық-педагогикалық толғауларын да айтамыз. Мысалы, Омар ақынның «Әділ іс» терме-толғауындағы көркем кестелі философиялық тұжырымдар арқылы халқымыздың ата-бабамыз ұлттық тәлім-тәрбие негіздері ұлықтала насихатталды.
Омар ақынның «Өмір өрнектері» туындысы – фәни дүниедегі ақыл-ой иелері мен жаратылыс әлеміндегі бүкіл тіршілік қозғалыстарын қамтитын өмір философиясының өлеңмен өрнектелген поэтикалық мегзеу мағыналары мол туынды. Ақынның осы филососфиялық толғауына арқау болған қарама-қайшылықтардың, адамзат ғұмырнамасының реалистік болмысын өлеңсөз бен әуез-мақам тұтастығымен тыңдаушылардың қабылдау жан діліне дарыттқан Шамшаттың орындаушылық шеберлігін сезінеміз.
Шамшаттың жыршылық-термешілік орындаушылық қорындағы Оңғар Дырқайұлының – Дүр Оңғардың терме-толғаулары («Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ!», «Үлкен – аға, кіші – іні», «Алқалап келген әлеумет», «Өзім туралы», «Ерлер қояр құлақты», т.б.) да ұрпақтарымызды ата-бабалық ұлағатпен тәрбиелеуде ықпалды қызмет атқарды. Дүр Оңғардың «Кеңеске, кемеңгерлер, салсаң құлақ!» терме-толғаулар топтамасындағы афоризмдік-фразеологиялық мағыналы жыр тармақтары Шамшаттың орындаушылығымен тыңдалғанда өмір философиясының сырларын ұғындыра түсетін-ді.
Шамшат Төлепова – ХХ ғасырдың 40-жылдарынан бастап қазақ сөз өнері тарихындағы халық тарихын ұрпақтар жадында жатталған сөз арқауындағы көрнекті ақындар шығармаларының ұлттық тәлім-тәрбиелік қуатын өнері арқылы дамытушы, жаңа буынның санасына дарытушы шығармашылық өнер қайраткері. Шамшаттың жыршылық-жыраулық орындаушылық өнеріндегі аталған көрнекті ақындармен бірге әлем өркениетінің классик ақындары қатарындағы Тұрмағамбет Ізтілеуовтің терме-толғауларын орындаудағы шеберлігін де айрықша бағалаймыз. Тұрмағамбет ақынның философиялық поэзиясындағы әлем ойшылдарымен үндес адамгершілік-имандылық қасиеттер, азаматтық-отаншылдық ұстанымдар ұлағатын насихаттаған жырларын Шамшат поэтикалық мағыналары шынайы бояуларымен, тыңдаушылар санасына реалистік ұлағатымен сезіндіру жолында өмір бойы еңбек етті. Классик ақынның өлеңдеріндегі афоризмдік мағыналы философиялық тұжырымды насихат жолдары арқылы қазақ ұлтының асыл сапалы ұрпақтары қалыптасуын тіледі. Тұрмағамбеттің «Адамдық іс» насихат өлеңінің көркем, кестелі өрілімдерін Шамшаттың орындау сәтіндегі тыңдаушылар рухани жаңғыру, өзін-өзі жігерлендіру сезімімен әсерленетін.
Қорыта айтқанда, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының рухани жаңғыру дәуіріндегі жаңа тарихи кезеңінде көрнекті жыршы-жырау Шамшат Төлепованың шығармашылық өнерін ұлықтау аясында ғасырлар бойы ата-бабалар қалыптастырған қасиетті ұлттық рух қуатын сақтап, талай буын ұрпақтарымызды өнер эстетикасымен тәрбиелеп келген жыршылық-жыраулық өнер дәстүрінің енді қайта жаңғыра дамитынын айтамыз. Бұл – Мәңгілік Ел дамуы бағдарындағы біздің қазақ ұлтының ұлттық бірегейлігінің сенімді сақталу жолы.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ
филология ғылымдарының докторы,
профессор