ТҰРЕКЕҢНІҢ ТЕРІС БАТАСЫ
Бірде Тұрмағамбет ақын жолаушылап келе жатып Жалағаштың Жаңаталап жағында Әбдікәрім деген танысының үйіне түсіпті. Сірә, бұл кешегі аштық нәубетінің қарсаңы, қиындыққа толы 30-шы жылдардың бас кезі болса керек.
Бай-бағланның мал мүлікін жаппай тартып алып, өздерін итжеккенге айдаған конфискелеуден кейінгі тауқыметті жылдар, тұралап қалған ауылда не сән, не салтанат болсын? Қазақта “келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады” деген бар. Үй егесі Әбекең күтпеген жерден келген қадірлі қонағын қалай сыйларын білмей абыржып қалыпты. Әйелі екеуі сыртқа шығып, мейманды жалаудың жайын кеңесіп жатса керек.
Олардың оңашада сыбырлап айтқан әңгімесі көші-қоңды ауылдың жыртық қараша үйінен іштегі жолаушыға анық естіліп тұрады.
–Мынау Тұрмағамбет деген Кетенің үлкен ақыны, Табалдырықтан құдай айдап келіп тұр. Әйтпес, арнайылап ауылыңа шақырсаң келтіре алмайтын жалпақ елге сыйлы дамолла. Қонақасыға қолдағы жалғыз лақты сойып, молданың батасын алып қалайық, - дейді ері. Артынша көп күттірмей-ақ әйелдің кесімді жауабы естіледі:
–Өзің де құры, қонағың да құрысын. Кет! – деп шорт кесіпті.
Үйге ұнжырғасы түсіп кірген қожайынға Тұрекең: – Уа, Әбдікәрім, рұхсат болса, мен нан ауыз тиіп, жүрейін. “Жолаушының жол ақысы – жүрсе бітеді!” - деп кетуге ыңғайланыпты. – Онда батаңды бере ғой, - депті үй иесі.
Сонда Тұрекең алақанын жайып, тілекті ішінен күбірлей айтыпты да бір кезде “Әумин” деп бата қайырыпты. Әбдікәрім онан: – Сіз батаны бізге түсініксіз тілінде күбірлеп айттыңыз. Әрі саусағыңызбен біресе мені, біресе әйелімді көрсеткендей болдыңыз. Бізге қандай тілек тілегеніңізді білуге болмас па екен? – деп сұрапты. Мұндай батаның сырын айтқысы келмесе де үй иесі қоймапты. Сонда Тұрекең:
–Құдай мынаған берсін! Құдай мынаған берсін!- деп саусағымның ұшымен сені көрсеттім, - депті.
–Ал, келесі саусағыңмен әйелімді көрсетіп тұрдыңыз, оған қаратып не айттыңыз? – депті үй егесі.
–Жарайды, қоймадың ғой, айтайын депті. Сенің әйеліңе қаратып:
–Құдай алса мынаны алсын! Құдай алса мынаны алсын! – деген едім, - дейді тапқыр ақын.
Сол сәтте әлгі әйелдің екі көзі тас төбесінен шығыпты. “Ойбай, молдеке, жалғыз лақты сояйын, батаны қайтадан беріңіз. Мынауыңыз тілек емес қарғыс қой” – деп, кеткелі тұрған ақынды жолынып алып қалыпты.
Мұны айтқан Қасарбек деген жыршы ағамыз.
Рүстем АРЫСТАНБАЙ,
Қызылорда қаласы
Комментарии 1