ЖЫЛАН СОРПАСЫНЫҢ ҚАСИЕТІ
Адам баласы өмірге келгеннен кейін талайының тағдыр тауқыметіне ұшырап жататыны белгілі. Мен бес жасымда ай мен күннің аманында ойламаған жерден осындай қиындыққа душар болдым да қалдым. Күн қия батып бара жатқанда ботадай боздап, сол аяғымды сүйрете ақсаңдап үйге әрең жеттім.
Бабам Бердібай мен әжем Кенже шыр-пыр болып, әкем Смайылға ауылдағы емші-балгерді жедел алдырды. Дем сала отырып, тамырымды басқан ол жын-шайтанның солығынан аман екенімді жеткізді. Сосын үлкен қара қазанға су толтырып, қайнатуға тапсырма берді. Содан мені буға отырғызып, аяғымды шудамен орап тастады. Жылай-жылай шаршаған мен талықсып ұйықтап кетіппін. Түннің бір уағында шошып оянсам, аяғым қақсап жатыр екен. Іштей егіліп таңды атырдым, аяқтың ауырғаны басылар емес. Сәл қозғалсам, сынықтан жаман жаным шығып кеткендей болады. Тәуіп күніге екі-үш мәрте келіп, жағдайымды біліп тұрды. Бірақ сырқатымның неден болғанын дөп басып біле алмады. Ауылда болса да дәрігер жоқ. Сонау 50-жылдары ауыл түгіл, ауданда дәрігер жетіспейтін кез ғой.
Ол жылдары біз Арал ауданындағы "Көгерту" елді мекенінің "Орта қоныс" бөлімшесінде тұратынбыз. Бөлімшеде елу қаралы үй болатын. Әкем сондағы сегізжылдық мектепте мұғалім боп қызмет жасайтын. Арада екі-үш ай уақыт өткенде сырқатым сәл де болса басылайын деді. Аяғымды сылти басып балалардың тобына қосыламын. Олармен бұрынғыдай жарысып, жүгіре алмайтыныма іштей күйінемін. Сосын бір уақыт жабырқау көңілімді ақжал толқындармен сырласып сергіту үшін жағалауға келемін. Бұл күнде көзден бұл-бұл боп ұшқан айдынды Арал ауылымыздан жарты шақырым шамасында ғана болатын. Жағалауда сан түрлі құстар жыртылып-айырылып, су маржандары шолп-шолп секіріп жататын.
Бір күні әкеме бабам Бердібай мені аудан орталығына дәрігерлерге көрсетуді тапсырды. Содан Арал қаласына келдік. Қалмаймын дегеніме қарамастан ауруханаға жатқызды. Мұнда үш мезгіл дәрі беріп, бір мезгіл егу жасағаннан басқа ем жоқ. Алғашында ауруханаға үйренісе алмай, Ақбарша апамның үйіне екі-үш рет қашып бардым. Олар бұрын сыртқа шығып көрмеген бала бір бәлеге ұрынып қалар деп қорыққан болуы керек, ауылға хабар беріпті. Осылайша, арада бір ай өте шықты. Әдепкіде өз аяғыммен келіп, балдаққа сүйеніп қалдым. Ауылдан әкем келіп, дәрігерлерге ренішін білдірді. Қашанғы қамалып жатам, тіпті таяққа таңылып қалдым, ауруханадан шығамын деп отырып алдым. Сүйтіп қарашаның соңғы күндері ауылға келдім. Бір айдан соң Арал қаласына Пәуедин есімді бақсыға көрінуге келдік. Әжем екеуміз сол үйде көктем шыққанға дейін жаттық. Ондағы қазақы емнің де әсері болмады.
1960 жылдың жазында "Аралсульфат" комбинатына көшіп келдік. Аудандық оқу бөлімі әкем Смайылды осындағы №19 "Сольтрест" орта мектебіне қызметке жіберген екен. Оқуды үйден оқыдым. Әкемнің күнделікті беріп кеткен тапсырмаларын тап-тұйнақтай қылып орындап қоямын.
Келер көктемде оқу жылын аяқтауға жете алмай тағы да мұрттай ұштым. Бұл жолғы сырқатым бұрынғыдан да күштірек болды. Орнымнан тұра алмаймын. Басыма, беліме жастық қойып жатамын. Оның үстіне ешқандай нәр татпаймын. Қорегім су ғана. Оны да шай қасықпен бір ұрттап, екі ұрттап тек жүрек жалғаймын. Жасыратыны жоқ, өмірден күдер үзіп жатырмын. Отбасымызды қайғыға салып қойған осындай күндердің бірінде түс әлетінде әжем өзіңе арнап сорпа дайындатып едім, Алла сәтін салса, шипасы тиер деген-ді. «Ішкім келмейді» дегеніме қарамастан әжем сорпаны ұсынды. Мен өзімді қинап бір шай қасығын әрең жұттым. Осылайша кешке дейін сорпаның үш қасығын ішкен болдым. Анаңа тартылған еттен самса пісіртіп едім, ауыз тисейші деп арасында оны тықпалайды. Бірақ ешқандай тәбетім болмаған соң самсаны аузыма да алмадым. Сонымен сорпаны үш күн ішкеннен кейін бетім бері қарады.
Бабам Бердібай сексеннің бесеуіне келіп көз жұмған тақуа жан болатын. Ол кісі өле-өлгенше алақандай ғана құран кітапты мойнына бойтұмар қылып байлап өтті. Сәби кезімде мені алдына алып отырғанда кеудесін жапқан ақ сақалының арасынан талай көргем. "Ата мынау не?" деп қызықтап сұрағанымда, "Құран кітап" деп жауап беретін.
Атам тақуа адам болғандықтан апталап үйде болмайтын. Осындай кездерде жанындағы серіктеріне менің жағдайымды қамығып айтатын көрінеді. Сондай сәттердің бірінде олардың арасынан біреуі:
– Беке, сізді әулие санап жүрсек бізден ақыл сұрағаныңыз қай сасқаныңыз? Негізінде немереңізге көз өткен ғой. Жалпы тіршілік иелерінің ішінде жыланнан көзі өткір мақұлық жоқ деуші еді. Сондықтан жыланның етін бергеніңіз мақұл. Алла сәтін салса сырқатына шипа болар, – депті.
Содан бір күні атам түйемен шөпке барғанында, қамшы бойындай аты сұсты мақұлықты өлтіріп, алып келіпті. Әкем оның терісін сыпырып, қайнаттырады да маған сорпасын бергізіп, етін самса қылдырыпты. Бірақ самсаға зауқым соқпай, тек сорпасын ішкен екенмін. Көрер жарығым таусылмаған болар, сөйтіп жылан сорпасынан аман қалыппын. Ал енді жылан сорпасын ішкенімді бойымды әбден тіктегеннен кейін барып білдім.
Қааазақағы "Көз өтті" дейтін сөздің де жаны бар. Әжемнің айтуынша, аяғымды апыл-тапыл басқаннан-ақ таңдайым тақылдап, қолды-аяққа тұрмайды екенмін. Бір білетінім, желаяқ едім. Ауылдағы үлкені-кішісі аралас бар баланы алдыға салып, соңынан қуғанымда көзді ашып-жұмғанша басып озатынмын. Ал көзі өткір Дәмелі есімді кейуананың таңданғанын құр жібермейтінін бала болсам да талай көргем. Оған бір ғана мысал айтайын.
Көктем маусымының соңғы күндері өз әкемнен үлкен әкеміз бен тағы бір механизатор кісі Аралдан шаруашылыққа қажетті су жаңа "Беларусь" тракторын алып келді. Ауылға келетін жол дөңнен асып түсетін. Қанша айтқанмен жаңа болған соң заулап келеді. Шағын ауылдың бір топ кейуаналары кешкілік ұршықтарын иіріп, әңгіме-дүкен құрып отырған еді. Бір уақытта қос тракторды көрген Дәмелі әжеміз ішегі үзіліп кетердей таңданыс білдірді. Сізге өтірік, маған шын ертеңіне сол техникаларды қанша сүйреткенмен от алмай, аудан орталығына қайта алып кетті.
Осы көзі өткір Дәмелі кемпірдің құрығына біздің шаңырағымызда тағы да қос қарындасым сәби кезінде ілініп еді. Сағира төрт жасында, ал Базаркүл бір жасқа да толар-толмасында көктей солды ғой.
Қазақы емшіні былай қойғанда, айлап ауруханаға жатқанымда дәрігерлердің рентгенге түсіргенде де ұршығымның тайып кеткенін сол өткір көз көрсетпей тұрғанына әлі күнге таңғалмасқа шарам жоқ. Мүмкін, тағдырым солай жазылған шығар.
Міне, жылан сорпасының оқиғасы осындай.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі