ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ШАҒЫН НЕСИЕЛЕНДІРУДІ КЕҢЕЙТУДЕГІ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылу барысымен танысып, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала жұмыскерлерімен кездесті enbek.gov.kz.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының жаңа бастамасында қарастырылған жаңа мүмкіндіктерді, атап айтсақ: қолжетімді баспана, салықтың төмендетілуі, қосымша гранттар мен жатақхана сынды студенттерге арналған жаңа пакет, шағын несиелеуді кеңейту, газ құбырларын салу сынды халықтың әл-ауқатын арттыруға және аймақтағы бизнесті дамытуға негіз болар бастамаларды талқылады.
Төртінші бастама «Шағын несиелендіруді кеңейту» аясындағы жаңа мүмкіндіктерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минстрі Нұржан Әлтаев тарқатты.
Вице-министрдің айтуынша, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Мемлекет басшысының 2018 жылдың 10 қаңтардағы Халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Жаңа экономиканың талаптарына сай еңбек нарығын дамыту» жобасы жүзеге асырылуда.
«Жобаның мақсаты ел экономикасын сапалы кадрлармен, нақтырақ айтсақ 4.0 Өнеркәсіптік жаңа экономиканы құруға және сол жағдайда еңбек етуге қабілетті мамандармен қамтамасыз етудің жүйесін қалыптастыру», - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.
Жаңа форматтағы кадрларды жобалау және жоспарлау, бүгінгі жұмыскерлердің еңбек өнімділігін арттыру, еңбек ресурстарын әлеуетті салаларға бағыттауды басқару, еңбек өнімділігін қамтамасыз ету және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер мен жұмыссыздарды жаппай кәсіпкерлікке ынталандыру мәселелерінің барлығы 5 әлеуметтік бастамада қарастырылған.
Әр бастаманы жүзеге асырудың тыңғылықты жоспары елдің барлық аймағында қарастырылған. Жастарға бағыт-бағдар беруге бағытталған жоспарлаудың ұлттық жүйесін құру, 2030 жылға дейінгі жаңа мамандықтардың Атласын жасау бойынша тапсырмалар орталық және аймақтық деңгейде шешілетін болады.
Әртүрлі салалардағы еңбек етушілердің өнімділігін арттыру мақсатта «Білімді үздіксіз жетілдіру» қағидаты енгізілетін болады.
Алайда, жұмыстан босап қалған еңбек ресурстарының ағымын басқару жобаның маңызды тапсармасы болып табылады.
Вице-минстр Нұржан Әлтаев бұл мәселеге ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.
«Қызылорда облысында 19 кәсіпорын бар болса оның әрқайсысында 500-ден астам адам еңбек етеді. Бірақ, оның 17-інде жұмыстан босап қалу ықтималдылығы басым, соның ішіндегі 5 кәсіпорынмен Жол картасы аясында келісім бар. Қызылорда обылысының аймақтық штабы осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет деп санаймын және аймақтағы барлық ірі кәсіпорындармен Жол картасы аясында келісімді қамтамасыз ету керек», - деп атап өтті Нұржан Әлтаев.
Вице-министр аймақтық штабтардың негізгі тапсырмаларының бірі Халықты жұмыспен қамту орталықтарын транформациялау екендігін ескертті. Орталықтар косультация беру, кәсіби бағыт-бағдарды айқындау, жұмыспен қамтамасыз етудің амалын ұсыну, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды төлеу сынды қызмет түрлерін «Еңбек нарығындағы ортақ бір терезе» жүйесі бойынша көрсетуі тиіс, - деді вице-министр.
Еңбек өнімділігін арттыру және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларының 2017 жылғы қорытынды есебі де кездесу барысында әңгіме өзегі болды.
Өткен жылы бағдарламаға қатысушының саны жарты миллионнан асса, оның 315 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтылған және 108 мың адам арнайы оқудан өткен. 7 300 бизнес жобаны жүзеге асыру үшін 34 млрд. теңгеден аса сомаға жеңілдетілген шағын несие берілген, 15 мыңнан аса жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азамат бизнестің негізі жайында білім алған.
Бағдарламаны 2018 жылы жүзеге асыруға республика бойынша 87,1 млрд. теңге қарастырылған.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Бес әлеуметтік бастама»-да айтылған, шағын несиеге арналған қаржының көлемі 20 млрд. теңгеге артатын болады, демек оның көлемі биыл 62 млрд. теңге болмақ, яғни, 14 мыңнан аса адамның шағын несие алуға мүмкіндігі молаяды.
Бұл қаржының 3,5 млрд. теңгесін Қызылорда облысына бөлу қарастырылған.
2018 жылы «Бизнес Бастау» жобасы аясында аймақта 1 600 адамды кәсіпкерлікке оқыту жоспарланған. Мұның сыртында, аймақта жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатта көлемі 100 АЕК-ке дейінгі 100 мемлекетттік грант бөлінеді.