«БАЙКЕН-U» ӨНІМІ ШЕТЕЛ НАРЫҒЫНА ШЫҒАДЫ
Бүгінгі таңда әлемде атом электр станцияларында өндірілген қуаттың көлемі арта түсуде. Әлбетте, осыған орай оның басты шикізаты – уранға деген сұраныс өсуде. Ал бұл салада Қазақстан табиғи уран өндіру жөнінде әлемдегі жетекші елдердің қатарына жатады.
Болашақта уран өндіретін жетекші мемлекет ретінде шетелдіктер Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға ықылас танытуда. Олардың қатарында әлемдік ірі АҚШ, Қытай, Австралия сияқты мемлекеттер бар. Сайып келгенде, олардың аталған салаға инвестиция тартуға деген ынтасы еліміздің ғана емес, Сыр өңірінің әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге негіз қалайды деп ойлаймыз.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Сыр өңірінде тау-кен өндірісі қарқын алды. Осыған сәйкес Жаңақорған өңірінде уран кен өндіру орындары ашылып, міне, бірнеше жылдан бері олар өнім бере бастады. Олардың қатарында «Хорасан-1» және «Хорасан-2» ірі кен орындарын атап көрсетуге болады. Уранды өнеркәсіптік өндірумен «Байкен-U» компаниясы айналысуда.
Уран өндіру жөніндегі арнайы жұмыстар 1979 жылы басталған болатын. Алғашқы кезеңде ауқымды кеңістікте барлау жұмыстары жүргізілді. Аталған компания 600-680 метр тереңдікте кен өндіреді. Бұл Қазақстандағы ең терең кен орны болып табылады. Кен өндірумен қатар қоршаған ортаны сақтаудың барлық талаптары орындалып отырғанын атап өткіміз келеді.
Мамандардың атап көрсеткеніндей, компания өндіретін кеніш барынша табысты өңір болып табылады. Себебі кеніш кеңістігіндегі шикізаттың 90 процентіне дейін алынады. Осының барлығы компанияның өндірістік көрсеткіштерінің еселей түсуіне игі ықпалын тигізіп келеді.
Ашық алаңқайда, міне, бірнеше жылдан бері вахталық қоныс пайда болып, онда жұмысшы-қызметкерлерге барлық жағдайлар жасалды. Осы жерде әкімшілік-тұрмыстық комбинат, химиялық зертхана, уранды өңдейтін 2 цех орналасқан. Кенішті күн қуатымен жұмыс істейтін электр станциялары энергиямен қамтамасыз етеді.
Компанияның жергілікті өңірге әлеуметтік қолдау көрсетіп отырғанын атап өткіміз келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңақорған ауданында Сырдария өзенінен өтетін көпірге толық қаржылай көмек көрсетілді. 2013 жылы Байкенже қонысында спорт алаңы салынды. Аудан балаларына Астанаға саяхаттауға ұдайы қаржылық қолдау көрсетілуде. 2014 жылы 50 орындық балабақша салынды. Сонымен қатар компания көптеген мектептерге ұдайы қамқорлық қолын созып келеді.
Соңғы жылдары ауданның жергілікті бюджетінің көлемін арттыруға компанияның қосқан үлесі айтарлықтай болып отыр. Болашақта Жаңақорған ауданының жоғарыдан алатын демеу қаржысының көлемі азаятынына сенім мол. Осының негізінде өңірде жаңа кәсіпорындар ашылады, ол өте өткір болып отырған жұмыссыздық проблемасын біртіндеп шешуге мүмкіндік береді.
Мамандардың атап көрсетіп жүргеніндей, кеніште өнім өндіру қауіпсіздігі мұқият сақталған. Оған жер астынан өнімді сілтілеу әдісімен өндіру технологиясы игі ықпалын тигізуде. Бұл технологияны қолдану нәтижесінде қоршаған ортаның радиоактивті қалдықтармен зияндау көлемі едәуір азаяды. Осының барлығы қазіргі таңда әлемдегі экологиялық жағынан барынша қауіпсіз уран өндіру әдісі болып табылады.
Қазақстанда сәуір айының алғашқы жексенбісі – геологтардың кәсіби мерекесі. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын үрдіске айналған айтулы мереке геологтардың ғана емес, геофизиктердің, геотехнологтардың, гидрогеологтардың кәсіби мерекесі болып саналады. Атап өтерлік жағдай, Сыр өңірінде жаңа кәсіптің пайда болуымен бірге жаңа мамандық иелері пайда болды. Олар облыстың игілігіне қызмет жасауда. Өңірдің болашағына қызмет көрсетуде.
Компания қызметкерлерінің қатарында біз үздік геологтар Нұржан Әбдірахмановтың, Людмила Шабалинаның, Бану Мауленованың, Нүркен Мамаевтың, Бағлан Жарасовтың және Нұрғазы Үйсінбаевтің есімдерін құрметпен атағымыз келеді.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев Сыр өңірінде басшылық тізгінін қолға алғаннан бері тау-кен өндірісінің дамуына айрықша назар аударып келеді. Саланы өркендетуге байланысты көптеген бағдарламалар қабылданды. Болашақ мамандар дайындау үшін шетелдерде оқыту үрдісі кең қанат жайды. Бұл, сайып келгенде, Сыр өндірісінің болашақ көкжиегін айқындайды.
Ж.ӘЛМАХАН.