«ОРДА» СОЛ ЖАҒАЛАУҒА ДА ЖОЛ АШТЫ
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 18 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы бойынша мәжіліс өткізді.
Былтырдан бері Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жобасы кезең-кезеңмен жүзеге асырыла бастағаны белгілі. Соңғы жылдары Сыр өңірі құрылыс қарқыны бойынша республикада алдыңғы қатарға орнықты. Қазір шаршы метрі 120 мың теңге болатын көппәтерлі үйлер Қызылордада ғана бой көтеруде. Сол жағалаудағы жаңа қала жобасымен Елбасы танысып, Астананың үлгісімен дамуға ұмтылған бастаманы қолдаған еді.
– Қазір сол жағалауда, өздеріңіздің қаржыландыруларыңызбен 18 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Жергілікті құрылыс компаниялары еліміздегі бағасы ең арзан әрі сапалы тұрғын үйлерді сала отырып, өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін әрдайым жоғары қойып келеді. Бұл игі істеріңізге өз алғысымды білдіре отырып, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аймақ басшысы мәжіліске жиналған құрылыс компанияларының басшыларына.
Тұрғын үй бағдарламаларының шарттары тұрмысы төмен отбасыларына жайсыз болып отырғандықтан, халықтың баспанаға ие болу талабын барынша қолдау қажеттілігі туындады. Осыған сәйкес аймақ халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудің 2018-2020 жылдарға арналған «Орда» жол картасы қабылданды. Жол картасы аясында жыл сайын 2 млрд. теңгеден қаржы бөлінеді. Бұл қаржыға жеке құрылыс компаниялары салған, құрылысы аяқталған, дайын тұрғын үйлерді сатып алуға мүмкіндігі қарастырылмақ.
Аймақ басшысы сол жағалаудағы тұрғын үй құрылысының бірінші кезеңін қыркүйек айына дейін толық аяқтап, екінші кезеңді бастау керектігін айтты. Өз кезегінде облыс әкімдігі тұрғын үйлерді өткізуге көмек ретінде салынған 18 тұрғын үйдің 4 және 5 қабаттарын сатып алып, «Орда» жол картасын іске асыра бастайды. Бұл құрылыс компаниялары үшін де тиімді. Өйткені жаңадан салынған үйлердің жоғары қабаттарын сату қиындық туғызып отыр.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Бақ-Береке» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, «Техаснастка Ремсервис» ЖШС директоры Илларион Ли және "Интегрострой" ЖШС директоры Бақдаулет Ысқақов, басқа да құрылыс компаниялары жетекшілері арасында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы тұрғын үй құрылысының I кезеңін жүзеге асыру және Қызылорда халқын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатындағы үшжақты келісімге қол қойылды.
Г.ЖАЛҒАСОВА