«САХНАГЕР» СЫЙЛЫҒЫН ИЕЛЕНДІ
27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай Қазақстан театрлары ассоциациясы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен «Сахнагер-2018» ұлттық театр сыйлығын табыстады.
Айтулы шарада театр саласының майталмандары марапатталды. Айта кетейік, биыл "Сахнагер" сыйлығына бірнеше жаңа аталым қосылып отыр. Жас актерлар үшін арнайы "Үміт" номинациясы қарастырылған. Бұл аталым бойынша еліміз бойынша 26 театрдың 20-дан астам жас артисті марапатталды.
Жетістікке жеткендер қатарында Қызылордадағы Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актеры, жастар труппасының жетекшісі Асқар Оразәлиев те бар. Жас талант «Үміт» номинациясын иеленді.
Асқар Оразәлиев – Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Ол Сыр өңіріндегі өнер ордасында 2011 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Оның сан қырлы талантын жарқырата аша түскен дүниесі – Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектакліндегі Темірбек Жүргеновтың образы.
А.Оразалиев тек театр қойылымдарында ғана емес, сонымен қатар республика, облыс көлемінде өткен іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып келеді. Спорт саласында да бағын сынап, театрдың жастар труппасынан құралған футбол командасында ойнайды.
Жас актер 2014 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қолдауымен театр жанынан құрылған жастар труппасының жетекшісі болып бекітілді.