САЛТ-САНА, ДӘСТҮР-ДІҢГЕК
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жоғары деңгейде аталып өтілді. Дәстүрге айналған төл мерекені тойлау биыл бір апта жоспарланып отыр.
Тек білім алуды ғана мақсат етпейтін озық ойлы өрендер спорттық шараға да үнемі белсенділік танытады. Бұл жолы оқушылар өзара арқан тартысып, қол күрестірді және «бөренедегі айқас» ойынында өз өнерлерін көрсетті. Одан кейінгі күн, мектептің 7-8-9 сыныптарының кураторлық сағаттарына арналды. Оқушылармен олардың ата-аналарды біріктірген тәрбиелік сағатта Наурыз мерекесі туралы қызықты ақпараттар мен бейнероликтер көрсетіліп, келген қонақтар ұлттық тағамдар ұсынылған шағын дастарханнан дәм татты.
Биылғы Наурыз мерекесінің ең ерекше күні аптаның соңында болды. Жылдағы дәстүр бойынша ата-аналар мерекенің концерттік қойылымын тамашалап, дастархан жаюмен ғана шектелген болса, биыл таңертеңнен мектепке жиналып, аулаға қазан-ошақ әзірлеп, мерекеге арнап 100 келіден астам бауырсақ пісірді. Оқушының тек сабақ жағдайына емес, мектептің қоғамдық жұмысына да белсене араласып жүрген аналар, бауырсақ пісіру мен қамыр жаюдың әдістерін қыз балаларға үлгі етіп көрсетті.