ӘЙЕЛДІҢ НӘЗІКТІГІНЕН АРТЫҚ АЛАПАТ КҮШ ЖОҚ

Сен жассың, тамырда қаның тулап тұр. Әйел жүрек түкпіріндегі сақтаулы жүрген тұтас махаббатын, бүкіл нәзіктігін, бар мейірімін саған сарқып береді. Атаққұмарсың ба? Онда ол сені билікке қол жеткізетін сүрлеуге түсіреді, атақты олжалаудың даңғыл жолына жетелейді. Қажыдың ба? Шаршадың ба? Әл-қуатың сарқылды ма? Ол саған нәр береді. Басыңды сүйейді. Сүрініп кетіп, құлап қалдың ба? Иығын тосып, қолын созады. Көңіліңді кірбің басса, жұбатып, бүгінгі сүрінгеніңді ертеңгі жеңісіңе ұластырады. Бұның барлығы әйелдің еркіндегі ерен қасиет. Себебі, табиғат-ана әйелдің әр ниетінің адал серіктесі. Нәзік әйел, мейірімді әйел сені қолдап-қолпаштай отырып көбіне тек өзінің құпия мақсатына жетуді ғана көздейді. Ол мақсатқа сенің еш қатысың жоқ. Әйел әлемнің әміршісі. Әйел үшін талай соғыс басталған. Әйел үшін еркек атаулы атқа мінеді. Күш-қуатын көрсетіп, мақтанады. Бәрі де әйелді үлде мен бүлдеге орау үшін. Әйел үшін еркектер ерлік жасап, қылмысқа барады. Әйел үшін атаққа ұмтылып, билікке таласады. Ал әйел болса, жеңістеріңе енжар қарайды да, сенен теріс айналады. Басқаның құшағына құлай салады. Сен оған бұдан бұлай керек емессің. Көзіңе тік қарап, жылы жымияды. Бұл жымиыстың құпиясын бірде-бір ер адам таба алмады. Әйелдің жан түкпірінде нендей сыр жасырғанын ешкім түсіне алмас. Әйелдің сұлулығына жаны сүйсінбеген, көзіне көзі түскенде жүрегі дір етпеген еркек ұлылыққа қол жеткізер еді. Әттең... Әйел болса нәзік жымиып, еркелей ұмтылып, дегеніне жетеді, жеңісін тойлайды. Ал, біздер сол жымиысқа елітіп отырып қалай жеңіліп қалғанымызды сезбей де қаламыз.
Генри Райдер Хаггард
Аударған: Шынар Әбілдә