АТА КӘСІП - ЕЛГЕ НӘСІП
Қазіргі таңда аймағымызда тігіншілікті кәсіп еткендер қатары көбеюде. Кейбірі оны кәсіп десе, кейбірі бос уақытындағы хоббиі санайды. Әрине, нәзік жандылардың ине-жіп ұстап, іс тіккені құптарлық іс.
Осындай тігінші қыздарымыздың бірі – Марифат Камилқызы Исмайлова.
Марифат сонау Өзбекстан Республикасы, Хорезм облысы, Хива қаласында 1985 жылы 28 қыркүйекте қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған қыз тігіншілікке көңілі ауса да, отбасының ақыл-кеңесімен «Менеджмент және экономика» мамандығы бойынша арнаулы орта білім алып шығады. Көп балалы отбасында өскен қыз бос уақытында іс тігумен айналысады.
Марифаттың туған әпкесі Латифат 2000 жылдары Қазалылық Ақжол Ордағұлов есімді жігітке күйеуге шығады. Марифат осы әпкесіне Қазалыға қыдырып келіп тұратын. Тағдырдың тоғысуымен Марифат та өзінің өмірлік жарын осы киелі шаһарда кезіктіреді. Сөйтіп 2008 жылы Жанұзақ есімді қазақ жігітімен бас қосады. Жанұзақ тарих және география пәнінің мұғалімі, Марифат есеп-қисап саласының маманы. Бірақ тұрақты жұмыс болмағандықтан, ерлі-зайыпты Жанұзақ пен Марифат кәсіппен айналысуды мақсат етеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» - дегендей азға қанағат еткен жас отбасы иелері, бұл күнде кәсіптерін кеңейтіп, азық – түлік дүкенін ашыпты.
Ал Марифат осы дүкеннен бөлек, бос уақытында өзінің сүйікті кәсібі тігіншілікпен айналысады. «Өзім алдымен туған – туысқандарымның, көрші-көлемнің киімдерін қысқартумен, жөндеумен бастадым. Кейін балабақшаға баратын балаларыма түрлі киімдер тіге бастадым. Оны көрген адамдар тапсырыс бере бастады. Қазір кез келген нәрсені халықтың талғамы мен дене пішініне сай қалауы бойынша тігіп беремін. Тапсырысты халықтың көңілінен шығатындай етіп тігуге, әрі уақытында тез аяқтап беруге аса мән беремін.» - дейді Марифат.
Ия, осындай еңбекқор, адал, адамгершілігі мол келіншектің жұмыс бөлмесінде түрлі тапсырыстардың ілулі тұрғанын көргенде ісіне еріксіз сүйсінесің. Тіккен киімдері біздің базарлардағы Түркия, Қырғызстан елдерінен келетін киім – кешектерден артық болмаса, кем емес.
Бөлмеде өзін Салтанат деп таныстырған мұғалім кезекті тапсырысын алуға келген Марифаттың тұтынушысы екен. «...Бүгін де кезекті тапсырысымды алып кетуге келдім. Қазір не көп, тігінші көп. Бірақ Марифат тіккен киімдердің пішуі, тігісі өзіме қатты ұнайды. Сондықтан соңғы кездері ұнатқан матамнан, қалаған көйлек, юбка, жакеттерімді тіктіріп киіп жүрмін» - дейді.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» атанған Марифат отбасында ата-енесінің сүйікті келіні, балаларының мейірімді анасы. Жолдасы Жанұзақ екеуі Сәулеттей ұл мен Сымбаттай сүйкімді қызды тәрбиелеп отыр.
Ия, Марифаттың ендігі алға қойған мақсаты - тігін ательесін ашып, кәсібін кеңейту.
Қазақтай елге келін болып, қазақтың салтын сақтаған Марифаттай инабатты келіннің ісіне сүйсініп, Алла тіл – көзден сақ болсын, кәсібінен берекет тапсын деген тілекпен қайттық.
Шәрбану ТОЛЫБАЙҚЫЗЫ,
Қазалы ауданы.