ТУРИСТЕР ҮШІН МІНДЕТТІ САҚТАНДЫРУ ЕНГІЗІЛМЕК
Шетелде демалатын отандастарымыз үшiн мiндеттi сақтандыру нормасы енгiзiлмек. Бұл туралы Мәжiлiс депутаты Сергей Симонов айтты, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
"Қазiргi таңда саяхатқа жиналған адамның ең соңғы мезетте ойлайтыны – сақтандыру. Бұл баршаға мәлiм. Мысалы, Шенген визасын сақтандыру болғанда ғана алуға болады. Яғни, заңнамаға сәйкес сақтандыру – ерiктi iс. Ал виза үшiн сақтандыру алғанда ол мiндеттi iске айналады. Бұл жағдайда туристер сақтандыруды алуға мәжбүр болдық деп есептейдi. Десек те, шетелде қиын жағдайға түскен туристiң қаржы шығындарын азайту мүмкiндiгi сақтандыру компаниясын сәттi таңдауына байланысты", - дедi С.Симонов.
Депутаттың айтуынша, елiмiздегi қазiргi туристердi сақтандыру саласы тиiмсiз жұмыс iстейдi. Сондықтан, шетелге шығатын қазақстандық туристердiң "өмiрiн сақтандыру" принципiмен мiндеттi сақтандыру нормасы енгiзiлмек.
"Ендi туристiк жолдаманы жасайтын туроператор толық жауапты болады. Сондай-ақ, шетелге өздiгiмен баратын турист те сақтандырылуы тиiс болады. Шенген визасынан басқа елдерге де осы принцип әрекет етуi тиiс. Бұл демалыстағы оқыс және басқа оқиғалар кезiнде барлық қаржы шығындарын өтеу үшiн керек", - дедi Симонов.
Атап өтсек, Мәжiлiс үйiнде "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне сақтандыру және сақтандыру қызметi мәселерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заң бойынша «дөңгелек үстел» өттi. Жиында Сергей Симонов қазақстандықтар сақтандыру компанияларына жиi шағымданады деген болатын.