ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИГІЛІГІ
Қызылорда қаласында индустрияландыру картасына енгізілген құны 49 млрд. 400 млн. теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда. Бұл туралы қала әкімі Нұлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, халықтың игілігі үшін іске асырылып жатқан жобалар қала қазынасын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізеді.
– Қызылорда қаласында өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 261 млн. 700 мың теңгені құрайтын 55 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Өңірлік үйлестіру кеңесінен 6 млрд. 754 млн. теңгені құрайтын 83 жоба мақұлданды, 29 жобаға 43 млн. 310 мың теңге қайтарымсыз қаражат беріліп отыр. Барлық жобаның басты мақсаты – халықтың игілігі үшін қала қазынасын арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Осындай жаңа бастамалардың арқасында жыл көлемінде 5 мың жаңа жұмыс орны ашылды, - дейді қала әкімі.
Айта кетейік, облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 50 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Өткен жылы қалада 25 мың 665 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. 2017 жылы қала кәсіпкерлерінің қаражаты есебінен жалпы құны 6 млрд. 465 млн. теңгені құрайтын 176 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, онда жаңадан 1 мың 760 жұмыс орны ашылды.