ҚЫЗЫЛОРДАДА «АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖОБАСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ
Өткен жылы Қызылордада ең өзекті екі мәселе шешімін тапты. Біріншіден, қаладағы апатты үйлердің тұрғындарына толықтай жаңа пәтер үлестірілді. Екіншіден, төрт жарым мыңдай тұрғыны бар Белкөл кентіне көгілдір отын берілді. Ал биыл «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруға басымдық берілмек.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Иә, жалпы биыл аймақта Елбасы Жолдауындағы 10 басымдыққа ерекше маңыз берілмек. Әсіресе, әр саланы серпілтуде сандық технологиялар төрге озады. Бұл бағытта іске асатын жобалар да дайын.
Соның бірі – «Ақылды қала» жобасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камерасы орнатыла бастады. Оның бір ерекшелігі – пәтер иелері ұялы телефон арқылы өз үйінің қауіпсіздігін бақылай алады. Алдағы уақытта мұндай құрылғылармен тағы 81 көпқабатты үй жабдықталмақ. Жаңа технология жер қатынастары саласына да серпін береді деп күтілуде. Мәселен, елемізде бірінші болып Қызылордада GPS геодезиялық құралы мен ArcGis (АР ГИС) бағдарламасы қолданысқа енгізілмек. Бұл жер иелену кезіндегі заң бұзушылықтарды анықтау уақытын 15 күннен 2 күнге дейін қысқартады.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Қызылордалықтардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында мұнан өзге де бірқатар кешенді шаралар биылдың еншісінде екен. Бұл туралы қала әкімі айтып берді.
Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі:
- Қаланың халық көп шоғырланатын демалыс орындары мен саябақтарда ақпараттық ресурстарға және мемлекеттік көрсетілетін электронды қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Wi-Fi тегін интернет желісін енгізуге «Orda Wi-Fi» жобасы қолға алынуда. Бірінші кезеңде, пилоттық режимде орталық Ы.Жахаев көшесі бойына орнатылады. Бұл бағытта, қалалық бюджеттен 3 млн. 500 мың теңге бөлінді. Қалалық бюджеттен бөлінген 1 млн 200 мың теңгеге қала тұрғындары мен қала қонақтарының қала әкімдігімен тікелей байланыс жасау және мәселелерді дер кезінде шешуге арналған мобильді қосымша іске қосылады.
Жақын күндері қалада бұрын-соңды болмаған жаяу жүргіншілер көпірі де пайдалануға беріледі. Жібек жолы көшесі бойынан салынған бұл өткелге мүмкіндігі шектеулі жандар лифт арқылы көтеріліп, түсетін болады.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Ал мектептер алдына оқушылардың жолдағы қауіпсіздігі үшін, жарық диодты жол белгілері қойылады.