ЖАЛҒАН ШОТ РӘСІМДЕГЕН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ АСТЫРТЫН ӘРЕКЕТТЕРІ ІСКЕ АСПАДЫ
Қызылорда облысында кәсіпкерлердің салықтан жалтару деректері тиылмай отыр. Мәселен, өткен жылы мүлік-табысты иелену, мұнай айналымы секілді заңсыз коммерцияға қатысты 470 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды 24.kz тілшісі.
«Көлеңкелі экономиканың» бір ғана бағыты – жалған кәсіпкерліктің салдарынан мемлекетке 800 млн теңгеге жуық залал келген. Соның бірі жуырда әшкере болды. Қызылордалық 2 кәсіпкер ешқандай тауар алынбаса да, 386 млн теңгеге құрылыс материалдары жеткізілгені жөнінде жалған шот рәсімдеп, салыққа төленуі тиіс 110 млн теңгені бөлісіп алуға келіскен. Бірақ астыртын әрекеттері іске аспады.
- Осыған орай жүргізілген жедел іздестіру шаралары барысында ЖШС директоры және жалдамалы есепшісі осы істеген іс-әрекеті үшін 55 млн теңге көлемінде ақша қаражатын алу барысында қылмыс үстінде ұсталған. Дерек бойынша ҚР ҚК 201-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағымен қылмыстық іс қозғалды, - деді облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметінің аға тергеушісі Руслан Құрбанов.