«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАННЫҢ» МАҚСАТТЫ КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ БІРІ SMART CITY БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітова мәлімдеді.
Елбасы Жолдауы - жаңа мақсаттарға жетелейтін басты құжат. Саяси құжатта төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табуда нақты міндеттер қойылды.
Индира Ақжігітова әуелі аймақта осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталды.
–Мемлекет басшысының биылғы Жорлдауында нақты 10 міндет белгіленсе, оның жетеуі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысты болып отыр. Өткен жылы бекітілген осы бағдарлама аясында қазір біршама бастамалар қолға алынған. Еліміздегі 16 аймақ арасында осы бағыттағы міндеттер бөлініп, біздің облыс «ақылды басқару» бойынша жұмыс жасауда, – деді ол.
Жалпы, Smart City дегеніміз – бұл ақылды қала. Ол халықтың қолайлы өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін ресурстар мен қызметтерді басқару тиімділігін арттыру стратегиясы боп табылады. SMART CITY бағыттары Канадада АҚШ-та, Сингапурде, Ұлыбританияда жақсы дамыған.
Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады.