БАРСАКЕЛМЕС – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ
Еліміз қорықтар саны жөнінен ТМД – ға кіретін республикалар арасында 16-шы орын алады. Қорықтардың табиғи ұлттық парктерден айырмашылығы: табиғи парктерде кіріп серуендеуге мүмкіндік бар. Ал қорықтарда оған тыйым салынған. Осы тұрғыда алатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан жерінде 10 қорық жұмыс жасайды. Соның бірі шөлейтті аумақта орналасқан Барсакелмес қорығы. Барсакелмес қорығы Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1939 жылғы 10 – желтоқсандағы №973 Қаулысымен осы құрылым негізінде мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Яғни, Барсакелмес аралы ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары аралдың жалпы көлемі 16795 га жерді құрады. Сонау 1929 жылдан бастап есептейтін болсақ Барсакелмес қорығына түрлі аң (ақбөкен, қарақұйрық, құлан, жабайы шошқа, құм балпағы, толай қояны) жерсіндіруге жіберіліп, жақсы нәтиже берді. Олардың арасында 1953 жылы Түркіменстанның «Бадхыз» қорығынан Дүниежүзілік Қызыл кітапқа енгізілген 9 бас құлан жерсіңдіруге әкелініп жіберілді. Уақыт өте Барсакелмес қорығының табиғатына құландар жақсы бейімделіп, көбейе бастады. Нақтырақ тоқталсақ құлан саны 300 – ге жетті. Алайда, Арал теңізінің тартылуына байланысты негізгі суат көзі болған теңіз суының тұздылығы артты. Осыған сәйкес, ғалымдар Барсакелмес құландарын еліміздің басқа өңірлеріне жерсіңдіруге ұсыныс жасады. Бертін келе 1982 жылдан бастап құландарды басқа өңірлерге, атап айтқанда «Алтын емел» мемлекеттік ұлттық паркіне және Каспий маңына жерсіңдіру жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңдағы Қазақстанның аумағындағы құландардың көпшілігі Барсакелмес қорығының құландарының ұрпақтары.
Теңіз деңгейінің түсуі жалғасып, теңіз суы құландардың ішуіне мүлде жарамай қалды. Дегенмен, 1998 жылы Барсакелмес аралының Шығыс бөлігі үлкен материкке жалғасып, бұл өз кезегінде құландардың Арал теңізінің бұрынғы шығыс жағалаулары мен аралдарына өз бетімен қоныстанып, көбеюіне мүмкіндік тудырды. Жақсы жайылымдар мен суаттар іздеген тұяқты жануарлар Қасқақұлан, Тоқпан, Ұзынқайыр, Ахат, Бегім ана, Төртқопақ аумақтарына қоныстанды. Осыған орай аталған өңірлерді қорыққа қосу қажеттілігі туындап, 2005 жылдың 25 қарашасында Қазақстан Республикасының Үкіметінің № 1162 санды қаулысы бойынша қорыққа 2 негізгі кластерлік учасктер қосылып («Барсакелмес», «Қасқақұлан» учаскелері 16795 гектардан 160826 гектар жерге ұлғайды.
Бүгінде қорық қызметкерлерінің нәтижелі жұмыстарының арқасында құлан саны 2017 жылғы мәлімет бойынша 500 ден асып отыр.
Жалпы Барсакелмес қорығында жоғары сатыдағы 298 өсімдік түрі, олардың 3 түрі Қазақстан Республикасының қызыл кітабына енгізілген (Пратов көкпегі, Борщев сарғалдағы, қосжарнақты қызғалдақ), 27 сүтқоректі, арасында құлан Дүниежүзілік қызыл кітапта, қарақұйрық және шағыл мысығы ҚҚК енгізілген. 12 бауырымен жорғалаушы, 2 қосмекенді және 2000-нан астам жәндіктің түрі кездеседі.
Барсакелмес қорығында аумақтың күзету жұмысы, ғылыми жұмыстар, экологиялық ағарту жұмыстары, туристік және рекреациялық бағыттары бойынша жұмыстар жүйелі атқарылады.
Сонымен қатар, 2006 жылдан бастап «Саябақтар шеруі» республикалық табиғат қорғау акциясында ұдайы жүргізілу үстінде. Акция аясында қарапайым халық, мектеп оқушылары арасында экологиялық сабақтар, іс-шаралар, көшет түрлерін отырғызу жұмыстары жасалуда.
Ел мақтанышына айналған қорығымыз 2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы бағыттаушы кеңесінің 28-ші сессиясы шешімімен «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-і негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енді.
Ғ.ҮМБЕТОВ,
«Барсакелмес мемлекеттік табиғи
қорығы»РММ –нің қызметкері.