ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ
Елбасының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауы - республиканың әр тұрғыны үшін маңызды оқиға. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Елбасы Қазақстаның 2017 жылы жеткен жетістіктеріне, елімізде жүргізіліп жатқан бағдарламаларға толыққанды сараптама жасады.
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жасаған жолдауында білім саласы жан-жақты қамтылғаны қатты қуантты. Өйткені жеті басымдықтан тұратын биылғы басты құжаттың ең негізгі ерекшелігі – интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолында ақпараттық технологияларға негізделген инновациялық дамыған қоғам құруды мақсат етуде жатыр.
Білімді дамыту, ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау – біздің елде қашан да ең басты міндеттердің қатарында. Кез-келген елдің болашағы қашан да – өсіп келе жатқан ұрпағына байланысты. Осы орайда білім саласын Президентіміз Н.Назарбаев Жолдауында әдеттегідей, назарынан тыс қалдырмады. Мұндай қамқорлықты Елбасы Жолдаудың жетінші "Адами капитал – жаңғыру негізі" басымдығында айтқан мәлімдемесінде де айқын көре аламыз.
Заман күн сайын жаңаруда, соған сай білім беру саласын да жетілдіріп отыру қажет. Әлемде ақпарат әрбір екі жыл сайын екі еселенеді, бұл оны қарапайым жаттаудың мүмкін еместігін және пайдасыз екендігін көрсетеді. Мұндай жағдайларда білім алушыны өмір сүруге дайындау үшін академиялық білім, функционалдық дағдылар, жеке тұлғалық қарым-қатынастар мен құзыреттіліктер жеткіліксіз. Мүлдем жаңа сапа –метабілімділік, метақұзыреттілік қажет. Озық экономика білім беру мақсаттарын «білетін адамнан» «шығармашылықпен ойлайтын, әрекет ететін, өзін-өзі дамытатын адамға» ауыстыруды талап етеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері білімді орталыққа дәлдеуден -практикалық-бағдарланған білім беруге бет алды.
Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтарды ашып көрсеткенін байқаймыз. Мәселен, білім мазмұнына байланысты, мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, оқушылардың жүктемесін төмендету, латын әліпбиіне көшу, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту, "Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, Ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қарыштату үшін оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын интернетте орналастыру арқылы барлық қазақстандықтарға, оның ішінде шалғайдағы елді мекен тұрғындарына озық білім мен құзыреттілікке қол жеткізуге жол ашу туралы айтылды. Бұл бағытта Қызылорда облысының біршама тәжірибесі жүзеге асуда. Бұл инновациялар еліміздің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытады.
Мемлекет басшысы үштілді білім беру туралы айтып, оның ішінде ана тіліміздің рөліне тоқталды. Қазақ тіліндегі терминологияны жаңарту, орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесін енгізудің маңыздығы жайлы атап өтті. Жаңаша ойлау туралы білімді ұсыну мен өңдеу – инновациялық қоғам үшін аса маңызды екені анық. Президентіміз әлеуметтік салаға үлкен мән беріп, біздер, педагогтардың мәртебесінің, ұстаздардың жалақысының көтерілетінін айтып кетті.
Сондықтан бізге, болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беретін педагогтарға осы мақсатқа жетуде көп жағдай байланысты. Елбасының осы сенімін ақтап, осы міндеттерді шешуде өз үлесімізді қосып, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспарын іске асыруда үлкен жетістікке жетеміз деп деп ойлаймын.
Сымбат ӘБДІРАХМАНОВА,
Қызылорда облыстық білім басқармасы
оқу орталығының бөлім басшысы,
«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.