АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ АЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСЕДІ
Кеше Қызылорда қаласында Қазақстанның Азаматтық Альянсы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты түсіндіру аясында тренинг ұйымдастырды.
Аталмыш тренинг Қазақстанның Азаматтық Альянсы «Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам істері бойынша министрлігінің Азаматтық қоғам істері бойынша комитеті» РММ-ның мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыратын және жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға ақпараттық, әдістемелік қолдау көрсету» жобасының бөлшегі болып саналады.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыратын және жүзеге асыратын ҮЕҰ-лармен жұмыс жасайтын мемлекеттік қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға бағытталған мұндай тренингтер еліміздің барлық өңірінде өтіп жатыр.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың маңызды сатысы саналады. Сол себепті қолданыстағы заңнамалық негіз мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қатынасының құқықтық, ұйымдастырушылық және басқа да мәселелерін анықтайды.
Бүгінгі таңда заңнамалық деңгейде басымдықтар, қағидаттар, механизмдер, тараптардың міндеттемелері, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру деңгейлері сипатталған
Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге қатысуына арналған құқықтық негіз заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілген.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі үкіметтік емес ұйымдарды қолдаудың мейлінше тиімді түрі саналады.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 cәуірдегі №36 «Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған әлеуметтік тапсырыс, гранттар және сыйақылар туралы» Заңы «мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс» терминін анықтайды және оның жай-жапсарын суреттейді.
Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау процедуралары ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңымен және сәйкес нормативтік-құқықтық актілермен, көп ретте Мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру қағидаларымен реттеледі.