АУЫЛЫН АЯЛАҒАН АЗАМАТ
Көптің көз алдында, өз еңбегімен, білім-білігімен абырой биігіне өрлеген азаматтардың есімдері үнемі халықтың жадында жүреді. «Ақырын жүріп, анық басып» өмірге өз соқпағын салған Берік Бисембаев осындай жандардың қатарынан табылады.
Бүгінде Пайғамбар жасына жетіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған оның өмір жолы жастарға өнеге, елдің рухани қызметіне орнымен пайдалана білетін іскерлігі әркімнің есінде.
Берік Бисембаевтың ауыл басқарғандағы ең басты ұстанымының бірі – тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, халыққа рухани қызмет көрсету арқылы жас¬тарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеу болды. Бұл орайда ағамыз Жанқожа батырдың есімін туған ауылына берілуіне, қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбаевтың 110 жылдығын республикалық деңгейде атап өтілуіне арналған іс-шаралардың бел ортасынан табылды.
Қазіргі таңда Ғани Мұратбаев ауылы ауданымызда ғана емес, Сыр өңіріндегі сәулеттік келбеті жарасқан елді мекеннің санатында. Жаздың күні ауыл жасыл желекке оранып, өсіп тұрған гүлдердің сан алуан түрі көңіліңді көкке көтеріп тастайды. Ауданымызға іссапары барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған 18 министр, бірнеше қоғам қайраткерлері, әр облыстың делегаттары, Қызылорда облысы басшыларының осында болғандығын мақтанышпен айтсақ артық емес.
Мұсылмандар шөлге құдық қазу, өзенге көпір салу, жерге ағаш егуді сауап деп бағалаған. Берік ағамыз да осындай өнегелі іс атқарған иманды азамат. Ол Жанқожа батыр кеңшарына директор болған тұста Қарақұмның бұйраттарында отырған малшыларға 32 құдық қаздыруға қол жеткізді. Сол кездері совхозда 70 мың қой, 2,5 мың бас жылқы және 1 мың түйе болды. Төрт түліктің барлығы дерлік Қарақұм беткейінде болған соң, судың өзекті мәселелердің біріне айналғаны анық. Жанқожа батыр шаруашылығы Берік Бисембаев басқарған жылдары агроөнеркәсіп саласын дамытуда үздік көрсеткіштерге жеткені үшін Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің «Алтын кітабына» енгізілді. Одақтық, республикалық жүлделерге ие болды.
Ал, көпір салу мен ағаш егуді Ғани Мұратбаев ауылында жүзеге асырды. Бұл күндері ауылындағы «Берік көпірі» халықтың кәдесіне жарап тұр. Олай дейтініміз, тұрғындардың төрт түлігі жайылымдыққа шығып, көшедегі жасыл желегінің жайқалып өсуіне кедергісін келтірмеуде. Ғ.Мұратбаев ауылын көркейтуде Бекеңнің араласуымен «Ғани бағы», «Тәуелсіздік бағы», «Атамекен», «Орталық саябақ» алаңдарына 5000 түп тал егіліп, 10 мыңға жуық гүл отырғызылды.
«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», – деп ел Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өтілгені белгілі. Елбасы айтқандай туған жерді түлетуге аянбай атсалысқан Берік Бисембаев биыл зейнеткерлік демалысына шығып, бүгінгі күні аудан әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып келеді.
Берік Әбиұлы өзі қызмет атқарған жерінде адамдарды қадірлеуге қатты көңіл бөлді. Арықбалық ауылдық округінде әкім болғанында кілем тоқитын цех ұйымдастырып, бұйым шығарды. Оған «Жанқожа батыр ауылы» деп жаздырып, шаруашылықтағы еңбегімен көзге көрініп жүрген азаматтарға сыйлап отырды.
Бұл туралы Берік ағамыз әңгіме арасында былай дейді: «Мен қайда болсам да адамдардың еңбегін бағалауды естен шығармадым. Шығыстың жарық жұлдызы Ғ.Мұратбаев атындағы ауыл мекемелерінен зейнет демалысына шыққандарға құрмет көрсетілді. Ауданымыздағы ауылдар арасынан алғаш рет «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағына еңбек ардагері Шалқыма Молдабаев ие болды. Ағамыз 75 жасқа толғанда «Адал еңбек – абырой биігі» атты шара ұйымдастырылды».
Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауыл шаруашылығының үлкен жетістіктерге жетуіне сүбелі үлес қосқаны үшін біздің бүгінгі кейіпкеріміздің есімі мен суреті аудандық «Даңқ» аллеясына енгізілді. Бұдан бөлек, 2015 жылдың қорытындысымен «Жылдың үздік ауыл әкімі» номинациясын иеленген.
Өткен жылы Берік Бисембаевқа Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табыс¬талды.
Сондай-ақ, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары, «Нұр Отан» партиясы облыстық филилалының Құрмет грамотасымен, бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Әкесі Әби мен Шәрипадан алған өшпес өнеге Бекеңді әрдайым өрге жетелеп отырды. Бүгінгі күні өзі де балаларына қамқор әке, немерелеріне абзал ата. Жары Қантай Жұмағазықызы екеуі отбасында бес бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Берік ағамыз бен Қантай анамыз ұл мен қызын «Үлкеннің алдында иіліп сөйле, кішінің алдында сызылып сөйле, иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді, сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді» деп тәрбиеледі. Шүкір, одан балалары жаман болмады. Олардың бірі мемлекеттік қызметте болса, енді бірі заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер болып, елге қалтқысыз еңбек етуде.
Өмірде нардың жүгін көтерген Берік Бисембаев жайма-шуақ жаны бар, таза сақталған ары бар, ұлтын сүйген қызу қаны бар азамат. Істеген ісінде, күнделікті қарекетінде адамгершіліктің ізі жататын оның айқара ашқан құшағынан үнемі бауырмалдықтың, жылылықтың лебі есіп тұрады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ.