ПОЛИЦЕЙЛЕР «ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ» МЕРЕКЕСІН САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТТІ
Еліміздің тәуелсіздік алған күні – қазақ халқы үшін айтулы күндердің бірі. Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Еліміз Тәуелсіздік жылдары қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр», - деген болатын. Міне сондай еліміздің егемендігін қорғау жолында адал қызмет етіп, ел қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп жүрген құқық қорғау органдары қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Өздерінің қызметін елге деген парызымыз деп білетін сыр сақшылары да айтуылы салтанатты мерекелерді ескерусіз қалдырған емес.
Осыған орай, Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің үлкен мәжіліс залында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты шараға ішкі істер саласының ардагерлері, департамент және басқарма басшылары мен жеке құрам түгел қатысты.
Шара барысында Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қасымов Қалмұханбет Нұрмұханбетұлының мерекелік құттықтау хаты ресми түрде оқылып, министр бұйрығымен құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен департаменттің қызметкерлері марапатталды.
Атап айтқанда, департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркін Сағымбаевқа «Полиция подполковнигі» арнаулы атағы мерзімінен бұрын берілсе, Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Ермек Искаковқа мен Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Ермек Серікбаев «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Департаменттің Арнайы даярлық басқармасының бастығы полиция майоры Марат Балдақовқа Ішкі істер министрлігінің «Құрмет грамотасымен», Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы кезекші бөлімінің аға инспекторы Жалғас Нұрмановқа ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» омыраулық белгісімен марапатталды.
Сондай-ақ Қызылорда ОІІД бастығы полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың бұйрығымен департаменттің 79 қызметкері, 9 ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мерекесіне орай, департаменттің басқарма бастықтары арасында Макаров тапаншасынан атудан жарыс өткізілген болатын. Шара барысында жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері салтанатты түрде марапатталды. Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша І орынды Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алтынбек Ахметов иеленсе, ІІ орынға Тылмен қамтамасыз ету басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Сейтмұрат Туляпов тұрақтады. Ал сайыстың қола жүлдегері болып Анықтау басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Сағындық Қамитбеков танылды.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті. Осы барлығы үшін орны бөлек мерекемен барлықтарыңызды құттықтаймын. Халықтың қауіпсіздігін биік қойып, асқақ мұраттарға адал қызмет ету жолында сәттілік тілеп, азаматтық борышын өтеу жолында аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектестік білдіремін», - деді Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Серікбол Тұңғышбаев.
Мерекелік іс-шара Тәуелсіздік күніне арналған концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.