ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫ МАҒАН ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Жақында Астанада ел мерейін асырып, ерен еңбегімен ерекше көзге түскен талантты тұлғаларға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табысталды. Дәстүрлі жүлде биыл 10 аталым бойынша үздік деп танылған 21 белсенді жасқа беріліп отыр.
Осы жастар сыйлығының «Ғылым» аталымы бойынша жерлесіміз, "Жас ғалымдар альянсы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұрғали Ақылбеков лауреат атанды.
Ол еліміздің химия ғылымының дамуына зор үлес қосып келе жатқан жас ғалым. Ғылымды дамытуға, жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмелерінде, бірнеше шетелдік, республикалық және халықаралық конференцияларға қатысып, өзінің көшбасшылығын танытып жүр.
Алғаш еңбек жолын Қорқыт Ата атындағы ҚМУ инженерлік бейіндегі зертхана инженері ретінде бастап, ғылыми еңбектер мен патенттердің авторы атанды. Қазіргі таңда Қазан ұлттық зерттеу технологиялық университетінің аспирантурасында органикалық химия мамандығы бойынша оқып жатыр. Осы қаладағы Арбузов атындағы органикалық жəне физикалық химия институтының Пудовик атындағы элементорганикалық химия зертханасында химия ғылымдарының докторы, профессор Александр Буриловтың ғылыми жетекшілігімен диссертациялық жұмысын орындауда.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген. Осыны түсінген кейіпкеріміз білім мен ғылымның жолында атқарған жұмысынан атқарылатын істің әлі алда екендігін жақсы біледі.
- Біздің елімізде еңбектенген, ізденген адам елеусіз қалмайды. Бұл сыйлық маған дем беріп, ел алдындағы жауапкершілігімді де арттырды. Мұнымен тоқтап қалмай Тәуелсіз еліміздің 30 дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін еңбек еиемін. Осы жолда елге титтей де пайдам тисе менің мақсатымның орындалғаны, - дейді жас ғалым.
Нұрғалидің ғылым жолындағы алғашқы ғылыми ұстазы, ғылымға келуіне бірден-бір себепкер болған Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхана жетекшісі, химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, Ресей Федерациясы Жаратылыстану Ғылымдары Академиясының профессоры Нұрбол Аппазовты сөзге тартқан едік.
- Нұрғалимен алғаш 2009 жылы таныстым. Мен ол кезде енді ғана кандидаттық диссертация қорғап, Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы МУ инженерлік бейіндегі зертханасына ғылыми қызметкер болып орналастым. Сол уақытта біздің зертханаға химия мамандығында оқып жатқан студенттер іс-тәжірибеден өтуге келді. Солардың қатарында Нұрғали де бар. Жанарының оты бар студенттің химия ғылымына деген қызығушылығы жоғары болды. Содан оны қасыма алып, көрген-білгенімді үйреттім. Жасаған жұмыстарының нәтижесінде ол ғылыми конференцияларға қатысып, азды-көпті жетістіктерге жетіп жүрді. Белді ғылыми басылымдарда еңбектері жарияланып, бірқатар инновациялық патенттер алдық. Кейін университет ректоры оған Қазан қаласында білімін жетілдіруге ұсыныс жасап, қазірде сол жақта білім алуда. Ойы ұшқыр, көздегеніне жетпей қоймайтын, жалқаулыққа жаны қас Нұрғалидың әлі талай асудан асатынына мен сенімдімін, - дейді ұстазы.
Заманауи физика-химиялық талдау қондырғыларын еркін меңгерген Нұрғали «Арал өңірінің мұнаймен ластанған топырақтарының мониторингі әдістерін және ыстық климат жағдайында биопрепараттарды қолдану арқылы оларды тазарту технологияларын жасау»,«Қызылорда облысы аймағындағы мұнаймен ластанған топырақты физика-химиялық әдіспен зерттеу», «Жантақ (Alhagi Pceudoalhagi) дәрілік өсімдік сығындысын атеросклероздың алдын алу және бастапқы формасын емдеуде қолдану перспективалары» тағы басқа жобаларды жүзеге асырған.
Білімнің тұлпарын мініп, биікке құлаш ұрған Нұрғалидің ғылыми еңбектері ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласын бақылау комитеті тізіміне, Ресей Федерациясы Жоғары аттестаттау комиссиясы тізіміне енген. Сонымен қатар, Халықаралық ғылыми-ақпараттық базалық компаниялар Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus-тың басылымдарына енген жоғары импакт-факторлы журналдарда ғылыми мақалалар, шетелдік, халықаралық және республикалық конференциялар мен симпозиумдарда материалдар мен баяндама тезистері, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы өнертабыстық және инновациялық патенттері түріндегі 70 ғылыми еңбектері жарық көрді. Жақында Ғ.Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығының, 2014 жылы Қызылорда облысы әкімінің "Сыр үміті" сыйлығының иегері атанды.
Елбасымыз өз сөзінде «Елдің одан әрі дамуы тек білімді, дамыған, мәдениетті жастардың қолында» деген болатын.
Әр саладағы жалынды жастар осыған ерік-жігерімен атсалысса Тәуелсіз еліміздің дамуы баянды болары сөзсіз.