ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ БІРНЕШЕ ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН АШЫЛДЫ
ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай өткізілген шаралар аясында облыс жастары Елбасымен жүздескен аға буын өкілдерімен кездесті. Тағылымды басқосуда Елбасының Сыр өңіріне жасаған сапары барысындағы тебіреністі сәттер айтылды. Мерекеге орай тарту-таралғы да аз болмады. Шиелі ауданында бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді, деп хабарлайды 24.kz.
Қазақстан халқын жарқын істерге жұмылдыра білген Тұңғыш Президент күні қарсаңында Шиелі ауданының Тартоғай ауылында медициналық бекет пайдалануға берілді. Бұған дейін елді мекен тұрғындары дәрігерге қаралу үшін салынғанына 60 жылдан асқан апатты нысанда орналасқан медициналық пунктке баратын.
Енді ескінің орнына жаңасы салынды. Мұнда ғимарат қана емес, емдеу құралдары да жаңартылды. Медициналық бекеттің 3 қызметкері кең ғимаратта сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік алды. Мұндай қуанышты сәтті Қызылқайың ауылының тұрғындары да сезініп отыр. Бұл нысандар мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында ел игілігіне ұсынылды.
Ақмая ауылында жаңа балабақша бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Елді мекенде 300-ден астам балақай өсіп келеді. Енді соның 120-сы осы жаңа бөбекжайға барады. Балабақша өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру құралдарымен толық жабдықталған. Жалпы Шиеліде 116 мектепке дейінгі мекеме бар. Ауданның 7 мыңнан астам бүлдіршіні балабақшаға барады.
- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая ауылына кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жымбеков 70 млн теңгеге спорттық-сауықтыру кешенін салып берді. Біз ішіне бокс рингін, басқа да құрал-жабдықтарын алып бердік. Жөлек ауылдық округінде 5 азамат бірігіп, өздері спорттық-сауықтыру кешенін салып жатыр. Ол да – үлкен ғимарат. Құрылысы жүріп жатыр, – дейді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында сондай-ақ Ортақшыл және Жуантөбе ауылдарында әкімшілік ғимараттары пайдалануға берілді. Нысанның бір бөлігіне учаскелік полиция қызметкерлері орналасады. Сондай-ақ ақсақалдар кеңесі де сонда жайғасады.