«АЛТЫН САПА»: «АРАЛТҰЗ» АҚ — ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨШБАСШЫ КӘСІПОРЫН
Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамда» экономиканың шикізаттық емес салаларындағы орта бизнестің нақты көшбасшы компанияларын қолдауға бағытталған Ұлттық чемпиондарды анықтаудың маңыздылығы туралы айтылған болатын. республикалық «Алтын сапа» сыйлығы бұл бағытта ерекше үлес қосуда.
Оған Қызылорда облысы атынан «Аралтұз» АҚ мен «Абзал және К» ТС қатысады.
Бұл компаниялардың өнімдері жарнамаға мұқтаж емес. Себебі аттарының өзі брендке айналған компания өнімдерін еліміздің ғана емес, шет елдің тұрғындары да кеңінен қолдануда.
«Аралтұз» АҚ еліміздегі iрi кәсiпорынның бірі. Биыл мекеменiң құрылғанына 92 жыл толды. Йодталған ас тұзын шығаратын акционерлік қоғам халықаралық және республикалық көрмелер дипломдарының иегерi.
2001-2003 жылдары «Аралтұз» АҚ-да зауыт тарихында бiрiншi рет қайта құру жұмыстары атқарылып, өндiрiске «тұзды екiншi рет байыту» технологиясы енгiзiлген. Яғни тұзды жуу, майдалау, йодтау және кептіру жұмыстары қазіргі заман талабына сай орындалуда.
2012 жылдан бастап «Аралтұз» АҚ-на жаңа инвестордың келуіне орай, көптеген игілікті жұмыстардың шарасы жүзеге асты.
Елбасының қолдауымен жүзеге асқан индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы – бизнесті дамытуға және жаңа бастамаларды іске асыруға кең өріс алған.
Соның арқасында «Аралтұз» АҚ ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасын іске қосты.
Жобаға екі жарым миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынып және дүние жүзі бойынша тұз өндіруге арналған құрал-жабдықтың көшбасшысы Испания («Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.») компаниясының құрал-жабдықтары алынған.
Бұған дейін зауыт өнімділігі жылына 120,0 мың.тонна болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділікті 1,7 есеге ұлғайтуға мүмкіндік алды.
Бұрын «Аралтұз» АҚ-на ішкі нарықта ас тұзының 70% тиесілі болса, жаңа зауытты іске қосу арқылы ішкі нарықтағы үлес 90% дейін жеткен. Сәйкесінше, сыртқы нарықтағы үлесі де ұлғайды. Зауытта 1200-ге жуық алам еңбек етеді.
«Аарлтұздың» өнімдері Қазақстан нарығынан өзге Қытай, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері мен өзге де елдерге экспортталуда.
Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында құны 246 млн АҚШ долларын құрайтын кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі