ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Соңғы жылдары Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары мен ауданның сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру қарқынды жүргізілуде. Жаңа жолдар төселіп, әлеуметтік нысандар қатары жыл санап артып келеді.
Өткен жылы да құрылыс саласында көптен шешімін таппай келе жатқан мәселелерді қаржыландыруға қол жеткізілді. Жалаңтөс батыр ауылындағы 90 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Апаттық жағдайдағы 5 мектеп құрылысы мен Әйтеке би кентіндегі 150 орындық аудандық аурухана құрылысы және Жалаңтөс батыр ауылынан 150 орындық ауылдық клуб құрылысы басталды.
Өткен жылы аудан бойынша құрылыс нысандарын салуға 4 млрд. 353 млн. теңге қаржы бөлінсе, биыл 9 млрд. 845,3 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде білім беру саласы бойынша апаттық жағдайдағы 5 мектептің құрылысы жалғастырылып, пайдалануға берілді. Әйтеке би кентіндегі 5-ші квартал аймағынан 300 орындық мектеп құрылыс жүргізіліп жатыр. №216 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, жаңа корпуста спорт зал, асхана, шеберхана салынды.
150 төсектік орталық аудандық аурухана мен мемлекеттік органдардың әкімшілік ғимаратының құрылысы жалғастырылуда. Жанқожа батыр ауылынан спорт кешенінің құрылысы басталды.
Әйтеке би кентінің жаңа тұрғын кварталдарының көшелерін электрмен жабдықтау құрылысы жалғасын тапты. Және көлемі 210 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жол салу, электрмен жабдықтау құрылыстары басталды. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінен алты 18 пәтерлі арендалық тұрғын үйді жылу, ауыз су, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау құрылысы жүруде.