МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бүгін Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев еңбек және тыл ардагері, Кеңес дәуірінде партия кеңесінің қызметкері, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болған Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Шаухаманов Назарбек Шаухаманұлын 90 жасқа толуына орай құрмет көрсетті.
Назарбек Шаухаманов – 1927 жылы 15 қыркүйек күні Жаңақорған ауданы, Өзгент ауылдық округінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әуелі ауылдағы бастауыш мектепте оқып, Қызылорда қаласында орта мектепті тәмамдаған. 1947 жылы Қызылорда пединститутының жанындағы 6 айлық даярлық курсында болып, тарих факультетіне қабылданған. 1951 жылы Қызылорда қалалақы партия комитетінің бюросының мүшелігіне қабылданып, сол жылдары талантты жас маман ретінде Шиелі ауданының орталығында мектеп директоры қызметіне жолдама алған.
Жас маман ретінде Нартай Бекежанов, Ыбырай Жақаевтар туған өлкеде ауданның мәдени, шаруашылық істеріне белсене араласқан. Одан бергі уақытта 16 жылдан астам уақыт Жаңақорған ауданында партия комитетінің аппаратында жемісті қызмет атқарған.
Оның ішінде ауданымыздың сол кездегі 2 кеңшарында партия комитетінің хатшысы қызметінде болды. Республикаға танымал бірнеше мемлекет және қоғам қайраткерлерді тәрбиелеп шығарды. 1987 жылы 60 жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шыққан.
Еңбек еткен көп жылдарында білім, шаруашылық, партия кеңесі қызметтері саласында Шиелі, Жаңақорған аудандарының өсіп-өркендеуіне, елдің ынтымағына, мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосқан біртуар тұлға деуге лайық.