ЖАЛАҒАШТА ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АКТИВ ЖИНАЛЫСЫ ӨТТІ
Кеше Жалағаш ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында идеологиялық актив жиналысы өтті. Активке аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов модераторлық жасап, қоғамның ішкі қажеттілігінен, уақыттың сұранысынан, заманның талабынан туындап отырған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген латын әліпбиіне көшу бастамасы туралы сөз қозғап, бұл ұлтымыз үшін, болашақ үшін аса өзекті, әрі қажетті жоба екендігін алға тартты.
Идеологиялық активке ардагерлер, аудандық мәслихат депуаттары, мемлекеттік қызметшілер, білім беру саласының мамандары, үкіметтік емес және жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Орыс тілінің тарихи маңызын сақтап, үштілділікті заман талабына сай меңгерте отырып латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуде білім саласына артылар жауапкершілік орасан зор. Осы тұрғыда, Ә.Бердаулетов атындағы №34 орта мектеп директоры С.Мусаева «Қазаққа ұлттық жазу таңбасы керек» тақырыбында баяндама жасады.
Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің мұғалімі С.Қосжанова «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» тақырыбында хабарлама жасаса, аудандық орталық кітапхана қызметкері Б.Рахымбекова өз баяндамасында латын әліпбиіне көшу бұл –жазуды жаңғырту, тілді жаңғырту, елді жаңғырту екендігіне баса назар аударды.
Халық арасында аса маңызды қадамды дұрыс насихаттап, ұғынықты жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарының, халық болып қолдап, өркениетті елдердің қатарына ілесе, белсене жұмыс жасау үшін жастардың алатын орны ерекше. Осыған орай, актив барысында аудандық «Жалағаш жаршысы» газеті бас редакторының орынбасары К.Қайрақбаев, Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Н.Пірназаров сөз алып, Елбасының латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдайтындықтарын жеткізді.
Актив отырысын қорытындылаған Ж.Айтбайұлы латын әліпбиіне көшудің негізгі мәселелерін қоғам өкілдерімен бірге талдай отырып, айтылған ұсыныс-пікірлерді ортақ оймен қорытындылап, оны халыққа түсінікті тілменен, орнықты оймен жеткізуіміз қажет екендігін айтты. Бүгінгі күні ауданда осы бағыттағы жұмыстарды халық арасында түсіндіру үшін білікті мамандардан құралған ақпараттық-насихаттық топ құрылып, ауылдарда, ұжымдарда кездесу өткізілетіндігін хабарлады. Және барлық мекеме, бөлім басшыларын, кент және ауылдық округ әкімдерін осы жұмыстарды үйлестіруге шақырды.