ӨРІСІНДЕ ТӨРТ ТҮЛІГІ ТҮЛЕГЕН АУДАН
Жаңақорған – бағзыдан атакәсіпті арқау еткен берекелі аймақ. Жазиралы жайылымы төрт түлікті түлетіп һәм төлдетуге таптырмайтын жер. Дала дидарының тұмса табиғатын осы қоныстан табасыз. Содан болса керек, мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының орындалу барысы бойынша аудан облыста көш бастап тұр. Бір ғана мысал, өткен жылы жоспар бойынша 920 бас мүйізді ірі қараға қол жеткізу керек болса, оны 1269-ға жеткізіп, 349 басқа артық орындаған.
Иә, аудан көлемінде соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытуда нәтижелі жұмыстарға қол жеткізілді. Атакәсіпті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар аясында бекітілген жылдық жоспарларды бірінші жарты жылдықта орындауға қол жеткізілген.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерғали Қайырбеков:
– Жалпы өңірде төрт түліктің басы жыл санап артып келеді. Оған мемлекеттік бағдарламалардың әсері мол. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 263 бас мүйізді ірі қара малдың 18 айдан асқан қашары мен сиырын сатып алу қажет болса, оның орнына 658 бас тауарлы сиыр сатып алынды. Яғни, жоспар 250 пайызға асыра орындалды. Ал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша жылдық жоспар 125 бас қой сатып алу белгіленсе, 212 бас сатып алынды. Жоспар 169,6 пайыз орындалды. Сол сияқты «Құлан» бағдарламасының жылдық жоспары 63 бас болып белгіленіп, оның орнына 75 бас бие сатып алынды.
Сала маманының сөзінен бұл бағыттағы жұмыстың қарқынды екенін байқадық. Яғни, төрт түліктің саны бағдарлама аясында жылдан жылға еселеніп, жаңақорғандық шаруалардың шаруасы ширай бастаған. Ендігі кезекте аудан бойынша жалпы мал басының санына тоқталсақ. Облыстық статистика басқармасының 2017 жылғы 1-шілдедегі мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда мал басы 61311 бас мүйізді ірі қараға жетіп, оның ішінде аналығы 32380 бас екен. Ал мұның 388 басы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, 23352 басы шаруа қожалықтарының, 37571 басы жұртшылық шаруашылығының меншігіне жатады екен. Оған қоса, уақ мал 267361 бас, жылқы 13835 бас, түйе 1491 басқа жетіпті.
– Сондай-ақ, төл алу барысы да межеленген жобадан кем болған жоқ. Атап айтқанда, жыл басындағы әр 100 аналықтан 36 бұзау алынып отыр. Алайда, жылдың қорытындысымен 60-70 пайыз қамтамасыз етіледі деп меже бар. Оған қоса, жыл басындағы әр саулықтан 80 қозы алынды. Әзірге құлын мен бота 47-ден ғана алынса, жылдың қорытындысымен құлын 70, бота 50-ден алынады деп жоспарлануда, – дейді Ерғали Қайырбеков.
Түптеп келгенде, мал шаруашылығының жоғарыдағы негізгі көрсеткіштері өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда жоғары болғаны айтпасада түсінікті. Әсіресе, атакәсіпті дамытуды арттыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың алар орны айрықша. Себебі, жеңілдетілген субсдидияның негізінде шаруасын тіктеп, еңбегін еселеуде қарапайым қожалықтар. Осы тұста, айта кететіні, Ерғали Қайырбеков атакәсіпті арқау еткен малшылар қауымына жағымды жаңалығы бар екенін жеткізді. Яғни, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және оның өнімділігін және өнімдік сапасын арттыруға байланысты субсиядилауға өтінім беру жүріп жатқандығын тілге тиек етті. Мүйізді ірі қара малдарының селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізуге субсидия алу үшін 1-қыркүйекке дейін аяқталса, ал, қойлардың аналық басымен селекциялық асыл тұқымдық жұмысын жүргізуге 1-қазанға дейін өтінім беру керек екен.