«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ»: СЫР АНАСЫ-СӘЛИМА
Ғасырдың «Батыр Анасы» атанған, бұл күнде аты аңызға айналған қайраткер, Еңбек Ері, Батыр Ана, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Сәлима Жұмабекқызы Жұмабекованың ел үшін төккен маңдай тері, еңбектері туралы жазылған әрбір мақала мен естелікті оқысаңыз өнеге мен ғибрат аларыңыз сөзсіз.
Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы Қармақшы ауданы, Ақжар кеңшарында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ауылда 8 жылдық мектепте білім алып, жастайынан еңбекке араласады. Оның еңбек жолы соғыстан кейінгі қиын жылдарда басталды. Өз замандастары сияқты ерте есейеді. Буыны қатпай тұрып, масақ тереді, сиыр бағады, сауыншы болады. Құрылыста да ұзақ жылдар жұмыс істейді. 1963 жылдан бастап күріш өсірумен айналысады. 1964 жылы күріш өсіруде жоғары өнімге қол жеткізгені үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1986 жылы зейнетке шығып, одан кейін тағы 3 жыл күріш егіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына зор үлес қосқан. Он бір бала тәрбиелеген Батыр ананың Сыр мар¬жанын өсірудегі өлшеусіз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Осыған дейін «Құрмет белгісі», Ле¬нин ордендерімен марапатталған Сәлима апа 1980 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Басқа да жоғары марапаттарды иеленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Астанада Ел-басының қабылдауында болды. Аңыз ананың 70 жасқа толуына орай 2005 жылы «Сыр сұлуы, Батыр ана — Сәлима» атты деректі жинақ құрастырылып, арнаулы телехабар түсірілді. Ал, 80 жасы да облыс бойынша ерекше аталып өтіліп, сол жылы шығарылған күріштің жаңа сортына Сәлима Жұмабекованың есімі берілді.
Түгін тартса майы таматын құнарлы жердің қойнауын игілікке кенелтіп, халықтың құрметіне бөленген жандар бізде жетерлік. Еңбекті өмір салтына айналдырған қарапайым еңбек адамдарын былай қойғанда, Социалистік Еңбек Ері деген ресми құрметті атаққа ие болғандардың саны біздің облыста жүзден асады. Демек, сырбойылықтар ерен еңбектің парқын біледі, мәні мен мағынасын түсінеді, қадірі мен қасиетін барынша жоғары бағалайды. Егер Еңбек Ерінің қасына Ана деген ардақты сөз қосылатын болса, онда бұл тіркестің мазмұны шексіз асқақтап, шалқары теңдесіз кеңейеді. Сондықтан білегі – еңбектен, тілегі – халықтан нәр алған, жүрегі ұрпағым деп тебіренген Сырдың Сәлимадай аналары барда мәртебеміз асқақ бола берері хақ.
Өзіне көрсетілген құрметті Батыр ана бүкіл еңбек адамына жасалған сый деп біледі. Төбелеріне көтеріп, төрге шығарып сыйлап, құрметін көрсетер еліне разы. -«Мұндай атақ – даңққа ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар, бірақ қасиетті Тұрмағамбет ауылының киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін. Ең бастысы егемендігіміз баянды, Елбасымыз аман болсын. Бейбітшілік, тоқшылық заман болсын. Осыдан артық бақыт бар ма? – дейді немере мен шөберенің қызығына кенеліп, елдің еңселі тірліктерінің куәсі болып отырған Еңбек Ері.
Сәлима ананың есімі елге танылып, халқымыздың құрметі мен қошеметін сезініп келеді. Мақсатты тіршілік, айшықты із дегеннің өзі де осы болса керек.