ӘЛІПБИДІ АЙЫРБАСТАУ – ІРГЕЛІ ІС, ТАРИХИ ШЕШІМ
Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды»,- деп атап өткен болатын. Ал ұлттық санаға, ең алдымен, әсер ететін күш – ана тілі. Осы орайда мемлекет басшысы тілімізді реформалау ұлттық сананы жаңа деңгейге көтеретін қадам екенін меңзеп, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керектігін тапсырды. Әрине, латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанымен, бұл мәселе төңірегінде талас-пікір көп. Бүгінде көптеген тілші - ғалымдар тарапынан ғана емес, түрлі сала мамандарын толғандырып, қолдарына қалам алғызып, отырған көкейтесті мәселе – латын әліпбиі мәселесі.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгітсек өркениетке, мәдениетке және ғылымға жол салған кез -келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Осы жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап қазақ тілін көтеруге баса назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны елімізде жетпіс пайызға жеткен және 2025 жылы қазақ тілінде сөйлейтіндердің үлесі 95 пайызды құрайды деп күтілуде. Ендігі бағытта латын әрпіне көшу, тіліміздің мәртебесін күшейту жолындағы нақты қадамдар деп түсінуіміз керек.
Әрине, әліпбиді айырбастау – іргелі іс, тарихи шешім. Егер бір жағадан бас,бір жеңнен қол шығарып жұмыла жұмыс жасайтын болсақ, бұл ісіміздің игілігін, бұл тарихи шешімнің жемісін халқымыз ғасырлар бойы көре беретін болады. Ең бастысы келешек ұрпақтарымыз ұлтты әлемдік өркениеттің сара жолына салып берген елге, туған халқына алғысын айтатындай болуы қажет.
Бір сөзбен айтқанда біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз, осының барлығы қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады. Себебі: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру - біздің әлемдік өркениетке жетуіміздің басты кепілі. Сонымен бірге жаңа әліпби бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін, түркі әлемі халықтарын жақындастыратын өте маңызды фактор.
Кеше ғана ҚР Парламенті Мәжілісінің қабырғасында халық қалаулыларының «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» тыңдауы өтті. Онда арнайы құрылған жұмыс тобымен жаңа қазақ әліпбиінің жобасы таныстырылды. Әрине, бұл жоба болғандықтан қаріптің бір нұсқасын бекіту үшін бұл халықтық талқылауға салынып, еліміздің әрбір азаматы ойларын білдіріп, жетілдіруге өз үлестерін қосулары тиіс.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда Елбасы Төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өзінің барлық құрлымдық бөлімшелерін жұмылдыратын болады.Атап айтар болсам,Елбасының мемлекеттік бағытын қолдауға бағытталған Демократиялық күштердің «Қазақстан - 2050» аймақтық коалициясыалдағы уақыттабұл бағыттағы жұмыстарға барлық саяси партиялар менҮЕҰ-ды жұмылдырып, олардың ұсыныстарын жинақтап, тиісті органдарға жолданады.Мәдениет пен өнер саласын, тіл саясатын жетілдіру және қазақстандық қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау жөніндегі «Мирас» аймақтық қоғамдық кеңесі де өзінің алдағы жұмысында өңірдегі тіл мамандарының бұл жұмыстарға қатысуымен тіл реформасы бойынша өз ұсыныстарын жібереуге жұмыс жасайды.
Нақты кезеңде реформаны көпшілікке ақпараттық түсіндіру мен насихаттау үшін белгілі қоғам қайраткерлері мен тіл мамандарынан және БАҚ өкілдерінен құралған аймақтық спикерлер пулы мен блогерлер тобы құрылып, тиісті жұмыстарды ұйымдаструда.
Ендеше тілімізді түлетіп, елдігімізді ерекшелейміз десек, ұлттық санамызды оятып, болар іске баршамыз белсенділік танытуымыз керек.
Ибадулла Құттықожаев
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары