АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІНІҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Жұмаділдаева жұмыс сапарымен Жалағаш ауданына барып, «АгроХолдинг-Байқоңыр» ЖШС-нің тыныс-тіршілігімен танысты.
Жалағаш элеваторында «Нұр Отан» партиясы «АгроХолдинг» бастауыш партия ұйымының мәжіліс залында жұмысшылармен кездесті. Кездесуде аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов билік пен халық арасындағы алтын көпір ҚР Парламент депутаттарының кестеге сәйкес ел аралап, сайлаушылармен жүздесіп жүргенін жеткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттердің ауданда атқарылуы барысы жайлы баян етті.
Облыс әкімінің бастамасымен құрылған «АгроХолдинг» кешені заманауи жаңа технологияларды өндіріске енгізу арқылы өндірілген өнім шығарып, күріш кластерін дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келе жатқанын жеткізді. Айталық, мұнда тұқым тазалап, себу дәрежесіне жеткізіліп, шаруашылықтарға сату жұмыстары жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда күріш заводынан әзірленген жоғары сапалы ақ күріш келісім шарт арқылы еліміздің барлық өңіріне сатылымға шығарылады. Сондай-ақ, серіктестік жыл сайын көктемгі егіс кезінде шаруашылықтарға қаржылай қолдау көрсетіліп келеді.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Н.Жұмаділдаева өз кезегінде Елбасының көреген саясатының арқасында татулық пен достықтың мекеніне айналған көпұлтты Қазақстанда саяси ахуалдың тұрақтылығын айта келіп, ҚР Парламент мәжілісінде қабылданған Заңнамаларға жан-жақты түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, халық қалаулысы Елбасының халыққа арнаған Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған маңызды міндеттерге тоқталды. Осы бағытта мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы бастамаларға сәттілік тіледі.