ОБЛЫСТА АЛТЫ ЛАГЕР ЖЫЛ БОЙЫ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Қызылорда облысында 1-10 сынып аралығындағы 135,7 мың баланың 128,9 мың бала жазғы тынығудың түрлерімен қамтылуы жоспарланған. Биылғы жылы жалпы алғанда жазғы тынығу кезеңіне жоспарланған демалыс түрлерімен балалардың 95%-ы қамтылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев мәлімдеді. Балалардың жазғы демалысы қала, аудан сыртындағы 9 лагерде ұйымдастырылды. Оның алтауы жыл бойы жұмыс жасайтын лагерлер.
«Тәрбие және білім» бағдарламасын облыста білім беру ұйымдарында іске асыру үшін 27 әлеуметтік жобасы ұйымдастырылды. Қорқыт ата атындағы мемориалды кешенде орналасқан этноауылға және кешендегі мұражай мен басқа да көрнекті жерлерін тамашалау үшін 3 мың оқушы мен 390 колледж студенттері барды. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасылардан 3,2 мың бала және облыстағы он колледждің 158 студентінің Астана қаласындағы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне сапарлары ұйымдастырылды.