ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА АЙМАҚТА АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР БОЛМАЙДЫ
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жайын баяндады.
Басқарманың мәліметінше, облыс бойынша 791 (542 балабақша, 249 шағын орталық) мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды, онда 52899 бала тәрбиеленуде. 542 балабақшаның 384-і жекеменшік балабақша, ол барлық балабақшаның 70,8 %-н құрайды. Қызылорда облысында жалпы орта білім беретін мектептер саны 293, онда 141943 бала оқиды.
Бақытжан Сайлыбаев айтуынша, 2013 жылдан бастап облыста 3 ауысымда оқитын мектептер қатары жойылды. Сонымен қатар, апаттық мектептердің қатарын жою барысында 11 апаттық мектептің құрылысын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 4,1 млрд. теңге бөлініп, ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Апаттық мектептердің қатарын жою барысында 25 мамырда 8 мектеп берілді.