ЖАЛАҒАШТА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР БАЛЫҚ АУЛАП ЖАРЫСТЫ
Тамыз айының үшінші аптасына сәйкес келетін Республикалық спорт күні Жалағаш ауданында кең көлемде аталып өтті.
Бүгін Шіркейлі каналының су таспасы жанындағы «Иіркөл» көлінде «Туған табиғат аясында» атты ауыл округі мен аудандық мекемелер қызметкерлерінің туристтік-спорттық, бұқаралық серуені өтті. Спорттық серуен жыл сайын тұрақты түрде ауданымызда өз жалғасын тауып келеді.
Спорттық жарыста 15 команда қайықпен жүзуден, балық аулаудан және балықтан түрлі ас әзірлеуден өзара сынға түсті. Нәтижесінде қайық жарысынан аудандық ветеринария бөлімінің қызметкерлерінен құралған команда І орынды иеленсе, Ақарық, Қаракеткен ауылдық округінен келген командалар ІІ,ІІІ орындарды өзара бөлісті. Ал ас әзірлеу сайысының нәтижесі бойынша жүлделі І орынды Мәдениет ауылдық округі, ІІ орынды аудандық ішкі саясат бөлімі, ІІІ орынды аудандық қаржы бөлімінің қызметкерлері қанжығаларына байлады.
Балық аулау сайысының нәтижесі бойынша Мәдениет ауылдық округінен келген балықшылар жүлделі І орын, аудандық ветеринария бөлімі ІІ орын, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі ІІІ орынды иеленді. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.






