ЖАҢАҚОРҒАН ЕРКІН БИЗНЕС АЛАҢЫНА АЙНАЛМАҚ
Жаңақорған кентінен агроиндустриалдық аймақ ашып, тәжірибе алаңына айналдыру қолға алынды. Бұл туралы аудан әкімі Ғалым Әміреев кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдеріне жаңа бастаманың тұсаукесерінде мәлімдеді.
«Жаңақорған – еркін бизнес алаңы» тақырыбында өткен кездесуде бастаманың мақсаты мен міндеті таныстырылды. Аудан басшылығы кез келген азаматқа тәжірибе алаңынан жер бөліп, кәсіптерін дөңгелетуге мүмкіндік беруде.
Индустриалдық аймақтан 50 гектар жер бөлінген, аяқ су мәселесі толық шешілген, жан жағы қоршалған. Ешқандай салық алынбайды, азаматтар құжаттармен сабылмайды. Тегін жерді пайдаланады. Әзірге Шалқия және кенттің 12 азаматы 0,5–2 гектарға дейін жер алып, көкөніс, бау-бақша өнімдерін егуде. Әр гектардан шамамен 700 мың мен 1 млн теңгеге дейін табыс таба алады. Бүгінгі таңда, көрші Оңтүстік Қазақстан өңірінен жұмыс жасауға ниеттілер көп. Ал, аудан басшылығы мұндай бастамаға облыс халқын тартуды мақсат етеді. Жаз мезгілінде бау-бақша өнімдерін ексе, қыста мал шаруашылығымен, мал бордақылаумен айналысуға болады.