ТОҒЫЗ ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөлігімен айыпталған (адам өлтіру) 43 жастағы ер азаматқа қатысты айыптау үкімі жарияланды.
Сотталушының үйіне жәбірленуші бір бөтелке спирттік ішімдігін алып келіп, екеуі бірге үй ауласында отырып ішкен. Сағат 05.00 шамасында алкогольді еліту жағдайында екеуінің арасында жанжал пайда болып, сотталушы сол жерде нан кесу үшін алып шыққан асхана пышағымен қаруланып, жәбірленушінің оң жақ кеуде қуысынан солға қарай пышақпен ұрып, дене жарақатын салған. Алған дене жарақатынан жәбірленушінің сол жақ өкпесі мен жүрегі зақымданып, ол оқиға орнында қайтыс болған.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен сотталушы ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді, одан басқа алкоголизмнен емдеу үшін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі