ОБЛЫСТЫҚ СОТ ЖАРТЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Қызылорда облыстық сотында 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Кеңес жұмысында облыстық соттың төрағасы Қамбар Нұрышев 6 айдағы жұмыс қорытындысын саралады.
Мұнан соң қылмыстық, азаматтық, әкімшілік, істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру туралы алқа төрағалары Бақытжан Қалымбет пен Әділхади Шығамбаевтың есептері тыңдалды. Олар бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудың сандық және сапалық көрсеткіштері туралы мәлімдеді.
Отырыста баяндалған статистикаға сәйкес, облыс соттарының өндірісіне 16560 талап арыз, 241 іс түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 33,6%-ға ұлғайып отыр. 2017 жылғы бірінші жартыжылдығында облыстық соттың апелляциялық сот алқасы апелляциялық тәртіпте 594 істі қараған.
Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы 132 істі қараса, 2016 жылдың 6 айында 111 істі қараған. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 21 іске көбейген.
Қызылорда облысы соттарында есепті кезеңде медиация тәртібін қолдану арқылы 252 іс, 175 қылмыстық және 142 әкімшілік қаралған. Партисипативтік рәсім тәртібімен -5 іс, татуласу келісімен 36 іс аяқталыпты.
Кеңес шеңберінде судья әдебі жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы комиссия төрағасы Айбек Әбу, оқу орталығының жұмысы бойынша үйлестіруші-судья Гүлсім Таңатова баяндады. Сот имиджін көтеру, құқықтық насихаттау және БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіруші-судья Артур Наримов айтып берді. Іс-шара барысында соттардың есептік кезеңде жіберген кемшіліктері талқыланып, шешу жолдары бойынша ұсынымдар келтірілді.
Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, судьялар мен сот мамандарының кәсіби деңгейін арттыру, алдағы атқарылатын жұмыстар мен тапсырмалар айқындалды.