СӘРСЕНБІДЕ БАСЫМ АЙМАҚТА ЖЕЛДІҢ КҮШЕЮІ КҮТІЛЕДІ
Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты 28 маусым күні елдің басым бөлігінде құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал.
Республиканың тек батысы мен оңтүстігінде сәрсенбі жауын-шашынсыз өтетіні күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Павлодар, Ақмола облыстарының кей жерлерінде түнде жел 15-20 м/с күшеюі мүмкін.
Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, түнде Қарағанды облыстарының жекелеген аумақтарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал.
Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, күндіз Қостанай облыстарының жекелеген жерлерінде желдің екпіні 15-20 м/с артады.
Күндіз Атырау облысында, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық болжанады.
Сондай-ақ күндіз Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарының кей аумақтарында жоғары өрт қаупі сақталады.