ҚАЗАҚСТАН ПАВИЛЬОНЫ ЭКСПО КӨРМЕСІНДЕГІ ЕҢ ТАРТЫМДЫ ПАВИЛЬОНДАРДЫҢ БІРІ
Қазақстан павильоны Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі ең тартымды павильондардың бірі, деп жазады «Anadolu» агенттігі.
Қазақстан павильоны келушілердің ерекше назарына ілігуде. Бір аптада павильонға 20 мыңнан астам адам келді.
Келушілер «Нұр Әлем» сферасы түрінде салынған павильон ғимаратының ерекше сәулетіне қызығушылық танытуда.
Ғимарат аумағы — 5 мың шаршы метр. 8 қабаттан тұрады. Ол елдің мәдени құндылықтарымен қатар Қазақстанның жаңартылған энергия көздерінің әлеуетін қамтиды.
Бірінші қабат қазақ халқының дәстүрі, тарихы, тұрмысынан сыр шертетін визуалды әсерлермен көз тартады.
Басқа қабаттарда күн, су, биомасса, жел, ғарыш энергиясының энергетикалық әлеуетін көрсететін экспозициялар бар. Сондай-ақ келушілер халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген күн энергиясының автомобиліне қызығушылық танытуда.
Соңғы қабатта келушілер 2030 жылы Жердің ақылды қалалар тізіміне кіруді жоспарлаған Астананың макетін көре алады. Қала макеті күн және жел баламалы энергия көздері саласындағы жаңа шешімдер туралы ақпарат береді.
inform.kz