ЭКСПО – 2017: ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ ТҰРАҚТЫ БОЛАДЫ
Астана қаласында өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесіне Қызылорда облысынан 75 мың адам қатысады. Теміржол көлігімен – 50 мың, әуе көлігімен – 10 мың, автобуспен – 15 мың адамды тасымалдау жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте белгілі болды. Брифингке облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жаңабаев, «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ вице-президенті Ғалымжан Жаманбаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Қызылорда телімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Дәуітбаев, «ТрансТурСервис» ЖШС директоры Манарбек Әкімов қатысты.
Көрме өтетін кезеңде Қызылорда қаласынан Астана бағытына 3 жолаушы пойызы ұйымдастырылған. Күнделікті «Қызылорда-Көкшетау» пойызы, жұп күндері «Қызылорда-Петропавл» және тақ күндері «Қызылорда-Астана» пойызы жүреді. «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Қызылорда облысынан бөлінген квота күніне 536 орынды құрайды.
- «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде «Көкшетау-Қызылорда» пойызының әрбір құрамына 4 плацкарт вагон және «Петропавл-Қызылорда» пойызының әр құрамына 10 плацкарт вагоннан қосымша тіркеледі. Көрмеге баратын жолаушыларға теміржол билеттерін брондау 2017 жылдың 15 сәуірінен басталды. Пойыздардың сапарға шығатын күніне 5 күн қалғанда барлық билет ашық сатылымға шығарылады. Қазіргі таңда темір жол билеттерін брондауға 12 ұйымдасқан топтан өтінім берген. Бұл – жалпы теміржол көлігімен облыстан жоспарланған жолаушылардың 4,7 пайызы,– дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс филиалы Қызылорда телімі басшысының міндетін атқарушы Алмас Дәуітбаев.
Әуе қатынасына келер болсақ, «Қызылорда-Астана» бағыты бойынша «Эйр Астана» АҚ және «Бек Эйр» АҚ әуе компанияларымен аптасына 14 әуе рейсі жасалады. Бұл уақытта Байқоңыр ғарыш кешеніне шетелдік және отандық туристерді тарту үшін «Астана-Байқоңыр-Астана» және «Алматы-Байқоныр-Алматы» бағыттарына чартерлік әуе рейстері қатынайды деп күтілуде.
Автомобиль көлігімен қатынау мәселесі бойынша Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің меморандумына сәйкес «ТрансТурСервис Қызылорда» ЖШС күнделікті 5 автобус, жеке кәсіпкер Л. Мамитанова 2 автобустан, «Ақжол-2000» ЖШС 1 автобус барлығы 8 автобусты жөнелту жоспарланып отыр.