ЖАҢА КӘСІПКЕ БІР ҚАДАМ
Жаңақорған ауданында екі айға жуық ішінде 48 тұрғын «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, білімін шыңдады. Соның қорытындысы бойынша аудан әкімі Ғалым Әміреев өзі арнайы құттықтап, сертификатын тапсырды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес оператор ретінде ұйымдастырған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасы бойынша сертификат алғандардың ішіндегі ең жас кәсіп иесінің бірі – Сағындық Тоқшылықов. М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде техник электроника мамандығын былтыр тәмамдаған Сағындық өз кәсібін дөңгелету үшін ауылға ат басын бұрыпты.
– Өзім Бесарық ауылдық округі, Талап ауылының тумасымын. Мұндағы негізгі мақсатым – мал шаруашылығын дамытқым келеді. Оның ішінде бордақылау алаңын салып, асыл тұқымды қой түрлерін көбейту ниеттемін. Иә, екі айға жуық уақыт ішінде осы жоба негізінде өзіме керекті мәліметтерді жинақтай алдым. Айгүл Төлекова апайдың дәріс беру тәсілі ұнағаны рас. Ең бастысы бизнес бастаудың алғышарттарын және несие алудағы мәселелер төңірегіндегі сауалдарға жауа ала алдық. Алдағы жоспар уақыт күттірмей жұмысқа кірісу керек, – дейді ол.
Сондай-ақ, жиын барысында ардагер ұстаз Манасбай Тұрабаев сала мамандарына рақметін айтып, келешек әріптестеріне жеміс тіледі. Айта кетерлігі, бұл бірінші топ дәріс алушылар, енді екінші топқа тіркелгендер сол «Жаңақорған» шипажайында оқытудың озық үлгілерімен танысып, білім алуда.