УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ ҚР ҰҒА КОРРЕСПОНДЕНТ-МҮШЕСІ БОЛЫП САЙЛАНДЫ
Құрылғанына биыл 80 жыл толған Сыр өңіріндегі білім мен ғылымның орталығы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті өз тарихында тағы бір асқаралы биік белесті бағындырды. Университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қылышбай Бисенов 2017 жылғы 1 маусымда өткен ҚР Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысында осы академияның корреспондент-мүшесі болып сайланды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметінен.
Қ.Бисенов – отандық ғылымда техногенді және табиғи шикізат материалдарынан жаңа құрылыс материалдары өндірісінің энергия ресурс үнемдегіш технологияларын зерттеу, жасау және жетілдіру жөнінде ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым. Ұзақ жылғы ғылыми зерттеу нәтижесінде ашылған ғылыми жаңалықтар өндіріске енгізіліп, 32 патент алынды. 11 монография, 3 оқулық, 19 оқу және әдістемелік құралы шығарылды. Сонымен қатар отандық және шетелдік беделді ғылыми басылымдарда 190-нан астам еңбегі жарық көрді.
Ол жас ғалымдарды дайындауға әрдайым зор көңіл бөледі. Бүгінге дейін 3 ғылым докторын, 7 ғылым кандидатын, 2 PhD докторын дайындады. Бүгінде бірнеше докторанттың ғылыми жетекшісі. Оның жетекшілігімен 40-тан астам кітап пен ғылыми жинақ басылып шықты.