ҮЗДІКТЕРГЕ АРНАЛҒАН КОНКУРС
ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсының облыстық шарасына қатысуға ниет білдірушілердің қатарыжыл сайын өсіп келеді. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова хабарлады.
Мәселен, өткен жылы облыстық байқауға 17 кәсіпкер қатысқан болса, биыл «Қазақстанның үздік тауары» байқауында 25 кәсіпкер бақ сынауға ниет білдіріп отыр. Тағы үш кәсіпкер «Алтын сапа» байқауына қатысуға дайындалуда.
–«Қазақстанның үздік тауары» көрме-конкурсы екі кезең бойынша өтеді. Бірінші кезең облыстық деңгейде өткізіледі, облыстық деңгейде ұтқан кәсіпкерлер екінші кезеңге өтіп, республикалық байқауға қатысады. Бүгінгі күнге дейін жергілікті БАҚ арқылы кеңінен ақпараттандырылып, кәсіпкерлермен өткізілген түрлі кездесулерде насихат шаралары жүргізілді. Мұнан өзге, Кәсіпкерлер палатасы тарапынан бизнес өкілдеріне жан-жақты әдістемелік көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, құжаттардың ереже талаптарына сай толтырылуы үшін Палатаның сарапшылары мен аудандық филиалдағы қызметкерлер түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, барлық жағдайды жасауда», - дейді Гүлдана Таңатова.
Сонымен бірге, сәуір айында «Атамекен» ҰКП қызметкерінің қатысуымен тегін арнайы оқыту семинары өткізілді.
Айта кету керек, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын ұйымдастыру 2015 жылдан бері «Атамекен» ҰКП-на жүктелген.
Өткен жылы облыста байқау аясында 50-ден астам кәсіпкерлер өздерінің жергілікті өнімдерін халыққа ұсынды. Оның ішінде, жоғарыда атап өткеніміздей 17 кәсіпкерлік субъектісі байқауға қатысты.
Былтыр «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Кемикал» ЖШС, «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «ЖК Курбанбаев», «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «Сыр Маржаны» ЖШС жеңімпаз атанды.
Сонымен қатар, осы 3 номинация бойынша 1,2,3-орынға ие болған 9 кәсіпкер Астана қаласында орталық «Көрме» павильонында өз өнімдерін қойды. Байқаудың қорытынысы бойынша Қызылорда облысынан «Сыр Маржаны» ЖШС «Атамекен» ҰКП-ның «Іскер» номинациясына ие болды.
ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын үш компания «Қазгермұнай» ЖШС, «Сыр Маржаны» ЖШС, «Нұрай» ЖШС иеленсе, «Қазгермұнай» ЖШС басшысы Медет Кәрім «Атамекен» ҰКП-ның «Ісіне адалды үшін» медаліне ие болды.